• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2013

Азамат алған асу

323 рет
көрсетілді

Бүгінде ауыл шаруашылығында да бір белестен екіншісіне көтеріле түсіп келе жатқан азаматтар баршылық. Бесқарағай ауданының басшылығы Марат Қалықовтың есімін соның бірі ғана емес, бірегейі ретінде тілге тиек етіп, осы азаматтың шаруасымен танысуымызды өтінген еді.

Мараттың Стеклянка деген ауылдан шаруашылық базасын сатып алып, іске кірісіп кеткеніне биыл төртінші жыл. Өзі негізі Көкпекті жағының азаматы. Сол жақта ет бағытындағы мал өсірумен айналысқан. Қазірде бұл шаруасы да қоса жүріп жатқан көрінеді. Яғни аталған ауданның Тассай ауылында үш жүз бас ірі қара бордақыда тұр.Енді мына жақтағы шаруасына келетін болсақ, осыдан төрт жыл бұрын жергілікті сүт бағытындағы жүз сиырды сатып алып, іске кірісіп кетеді. Ал келер жылы қаладан сүт өңдейтін шағын цехты ашып алады. Сүт өндірудің пайдалы шаруа екендігін аңғарған соң уақытты созбай Ресейден сүт бағытындағы екі жүзден астам асыл тұқымды сиырды сатып алады. Жергілікті сиыр күніне ұзаса он литр сүт берсе, ал кейінгі асыл тұқымды сиырдың әрқайсысынан 12-14 литрден сүт алуда. Және мұның жергілікті сиырлардан алынған сүтпен салыстырғанда майлылығы да өте жоғары. Солайша мұндағы «Қалиханұлы» шаруа қожалығы бірер жыл ішінде қарқын ала бастады. Қазірде Стеклянкадағы сүт фермасында жиыны 24 кісі еңбек етеді. Бұл жаңадан ашылған сонша жұмыс орны деген сөз. Мұның бәрін қалайша құптамасқа!Және Марат Қалиханұлының тағы да кешеуілдетпей қаладан сүт өңдейтін шағын цехты ашып алғаны дұрыс шаруа болды. Бұл цехта да жиырмаға жуық адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақысы қырық пен елу мыңның аралығында. Сүт цехының тәуліктік қуаты 10 тонна. Әзірге бұлар алты тонна сүт өңдеп, одан жеті түрлі өнім шығаруда. Мұның ішінде сүттен басқа айран, қаймақ, ірімшік, сырға дейін бар. Оларды қаладағы қырықтан астам түрлі ұйымдар мен мекемелерге жөнелтуде. Мұның сыртында қаланың үш жерінде сүт өнімдерін сататын өз павильондары жұмыс істеп тұр.Осы орайда мал шаруашылығын дамытуға қолдау білдіріп отырған респуб­лика Үкіметі мен салалық министрлікке, облыстық және аудандық әкімдікке де алғысымыз шексіз дейді Марат бауырымыз. Айтса айтқандай, бұлар тек өткен жылы мемлекет тарапынан 9 миллион теңге субсидия алыпты. Ол да үлкен көмек. Сонан соң, бұрынғыдай емес, шаруамен айналысамын дегендерге ешқандай кедергі жоқ. Қайта жергілікті билік тарапынан қолдау көп.Бұл солай десе, аудандағылар бұған дән риза. Бұлар өткен бір жылда аудан бюджетіне 6 миллион теңге кіріс кіргізіпті. Оның сыртында Марат аудан өміріндегі барлық шараға зор белсенділікпен қатысып келе жатқан көрінеді. Әсіресе, оның түрлі қайырымдылық шараларынан сырт қалмай отырғаны қуантады. Айталық, ол жетім балалар үйінің бір түлегіне өз қаржысына үй сатып әперіпті. Тағы бір жетім баланы жасы он сегізге толғанша өз қамқорлығына алыпты. Облыс әкімінің «Туған жерге тағзым» акциясына орай елге, қарттарға жасап отырған қамқорлығы өз алдына бір әңгіме.Ауылдан шыққан, екі өңірге де еңбегі сіңіп отырған ауыл кәсіпкерінің отбасы туралы да бір ауыз сөз айта кетсек еш артықтығы жоқ па дейміз. Марат пен Толқын екеуі төрт баланы аялап, дұрыс тәрбиелеп келеді. Үлкендері Тілек қалалық ішкі істер басқармасында, ал келіндері Елнура қаржы полициясында қызмет етуде. Ал екінші ұлдары Әлел қаржы колледжінде оқып жатыр. Әлі деген ұлдары бесінші сыныпта оқыса, кенжелері Айша үш жаста.Бұған дейін түрлі ауылшаруашылық көрмелерінде топ жарып келе жатқан Мараттың алар асуы алда деп білеміз.Шығыс Қазақстан облысы,Бесқарағай ауданы.Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.Суретте: Марат Қалықов өзінің шағын сүт өңдеу цехында.Суретті түсірген автор.