Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауындағы он негізгі бағыт – халықты жұмыспен қамтамасыз ету, қолжетімді баспана, өңірлерді дамыту мәселесі, халыққа қызмет көрсету қызметінің сапасын арттыру, құқық қорғау және сот органдарының жұмыстарын жаңғырту, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, адами капиталды дамыту, зейнетақы қорларының жұмыстарын жүйеге келтіру, үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру сияқты өзекті мәселелерді шешудің айқын жолдарын нақты көрсетуімен құнды.
Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы осы басым бағыттарды жүзеге асыруға жаңа бір серпін берді. Осы тарихи мәні зор бағдарламалық мақалада «Нұр Отан» ХДП алдына да үлкен міндеттер қойылып отыр. Осы міндеттер бір-бірімен сабақтаса келіп, еліміздің экономикасын нығайтудың, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудың толғауы тоқсан мәселелерін шешуге арналған. Егемен еліміздің өркендеуі, әл-ауқатының жақсаруы, жастардың жұмыспен қамтамасыз етілуі, еңбек етіп жатқан қарапайым адамдардың еңбегінің бағалануы дамыған елдер қатарына қосылуға берік негіз қалайтын қадамдар екені сөзсіз.
Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының кеңейтілген саяси кеңесінде жан-жақты талқыланды. Облыстық филиал төрағасы Балғали Ордабаевтың айтуынша, 35 800-ден астам мүшесі бар барлық 435 бастауыш партия ұйымдарында ашық партия жиналыстары өтіп, аталмыш бағдарламалық мақала қызу талқыланып, кеңінен қолдау тапқан. Ол партияға бағдарламаны барлық деңгейдегі мекемелер мен ұйымдарда жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізу, олардың орындалуы мен жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуға байланысты жаңа міндеттер жүктелгендігін жеткізді.
– Бағдарламалық мақаладағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында барлық деңгейде үгіт-насихат топтары жұмыс жасауы тиіс. Партия мүшелері мен облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме мен ұйым басшылары халыққа бағдарламалық мақаланың маңыздылығын түсіндірумен қатар, оның жүзеге асырылуына қарапайым халықтың атсалысуына көп көңіл бөлуі керек, – деп атап өтті филиал төрағасы Балғали Ордабаев.
Қазақстанның жаңа тарихындағы бұл бағдарламалық мақаладағы басқа да тапсырмаларда қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы, әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүргізу және әлеуметтік оқыту мен жаңа жұмысқа орналасуға септігін тигізетін оның тиімді жүйесін жасау, кәсіпкерлікті дамытуға көмектесіп, жәрдемдесу, еңбек ресурстарының жинақылығы мен ұтымдылығын жүзеге асыру, Қазақстанның экономикалық жағынан оның белсенді жұмыс атқаратын орындарында жұмысқа орналасуға басымдық беру, 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңмен әзірлеу, 2013-2014 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейту және он-лайн оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізу бойынша облыстық мәслихаттың депутаттары, саяси кеңес мүшелері жұмыс істеп жатыр.
«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының саяси кеңес мүшелері «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаланың негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, экономиканы дамыту болып отырғанын түсінеді. Сондықтан осындай келелі істерді түбегейлі жүзеге асыру үшін барлығымыз атсалысып, жұмыс істеуіміз қажет. Қазақстанның мәртебесін көтеріп, көсегесін көгертіп, тәуелсіз еліміздің түтіні түзу шығуы бағытында жұмыс жасау ниеті әрбір қазақ азаматының көкейінде ұялауы керек. Сонда ғана тәуелсіз Қазақстанның тұғыры берік, еңсесі биік болады.
Сөз соңында айтарым, аталған бағдарламалық мақаланың жастарға да тікелей қатысы бар. Сондықтан оған олар да үлкен үлес қосады деп үміттенеміз. Және осы мәселенің «Жас Отан» ЖҚ-ның ІІ съезінде әңгімеге арқау болатынына да еш күмәніміз жоқ.
Нұрдәулет АЛДАШЕВ,
«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық
филиалы партиялық-ұйымдастыру
жұмыстары бөлімінің меңгерушісі.