• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2013

Алыптың жаңа тынысы ашылады

278 рет
көрсетілді

Бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында алғаш рет Жапонияның «Марубени Корпорейшн» компаниясы қайта жаңғырту жобасын іске асырған еді. Енді  аталған зауытта Қытайдың «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын қолға алды. Бұл жоба құрылысы басталмас бұрын, яғни 2009 жылғы қазанда АтМӨЗ және «SINOPEC Engineering» компаниясының басшылары өзара шартқа қол қойды. Жоба бойынша жаңа кешенге салынатын инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазір зауыт аумағындағы 17 құрылыс алаңында қайнаған еңбектің көрігі қыза түсті. Осынша алаңдағы  құрылыс-монтаж жұмыстарының бас мердігері тарапынан зауытқа қажетті ірі көлемді, сонымен бірге, қосалқы жабдықтарды жеткізу басталды. Таяуда қытайлық «SINOPEC Engineering» компаниясы зауытқа С602 А/В модулының екі колоннасын әкелді. Әр колоннаның салмағы  292 тонна тартады. Мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі хабарлағандай, модулдың колонналары Қытайда дайындалып,  Шанхай портынан Мариуполь және Ақтау порттары арқылы Атырауға жеткізіліпті. Ал Атырау өзен портынан қос колоннаны мұнай өңдеу зауытына дейін жеткізу 4 сағатқа жуық  уақытты алған. Ең ірі көлемді саналатын колонналарды тасымалдауға  екі көлік экспедициясы, сондай-ақ, қосалқы мердігердің бірі «Сага Терминал Логистик» кәсіпорны тартылды. Енді зауыт мамандарының айтуынша, бас мердігер компания таяуда тағы да осындай екі колонна әкелуді көздепті.  Бірақ келесі колонналар бөлшектелген күйінде  жеткізіліп, оларды зауыттың құрылыс алаңдарында құрастыру қолға алынады екен. Ал салмағы алғашқы колонналардан әлдеқайда көп болатыны күтілуде. Осылайша, еліміздің «қара алтын» өңдеу саласындағы көшбасшы кәсіпорнына соны серпін беретін жаңғырту жұмыстары қарқын алғалы отыр. Айтқандай, Қытайдан жеткізілген  ірі көлемді модулды  зауыттың алаңында  құрастыру 20 мамырдан кейін басталмақ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. --------------------------------------- Суретте: Қытайда құрастырылған алып колонналарды тасымалдау сәті.