Кеншілер астанасында Қарағанды облысы әкімінің кубогы үшін «Жайдарман» фестивалі өтті. Аталған шараны облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мен «Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы» жастар қоғамдық бірлестігі тізе қосып ұйымдастырды.
Жастардың думанды кешіне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Қазақстан КТК одағының президенті Есен Елеукен құрметті қонақ ретінде қатысты.
«Жайдарман» фестивалінде 11 команда бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен бірінші жүлдеге әдемі әзілімен, тауып айтқан қалжыңымен, әртістік шеберліктерімен ерекшеленген «Күлкі синдромы» командасы лайықты деп танылды. Екінші және үшінші жүлдеге, сәйкесінше, «Агро» ұжымы мен Сәтбаев қаласының құрама командасы ие болды.
Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, диплом және ақшалай сертификаттар табыс етілді.