Түркістан қаласы бүгінде күн санап көркейіп келеді. Әсіресе жарыса бой көтерген қала аумағындағы тұрғын үйлер мен көздің жауын алардай көркем ғимараттар өңір экономикасына жаңа серпін беруде. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы мен бастамасы киелі Түркістанның жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істерге басты негіз болғаны елге мәлім.
Түркістанды орталық ету идеясы
Иә, өткен жылдарғы деректерге көз жүгіртсек, ең алдымен 1985-1988 жылдары Қазақ КСР Министрлер кабинетінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұста Н.Назарбаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылып жатқан іс-шаралармен танысады. Содан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті тарапынан жаңа идеялар, тың бастамалар ұсынылып, жүзеге асырыла бастады. Еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп, егеменді мемлекет ретінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Тіпті елордаға лайықты қалалар қатарында қарастырылғаны да жуырда жария етілгені мәлім. Яғни, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына берген сұхбатында елорданы көшіретін кандидат қалаларды таңдаған кезде Түркістан да қарастырылғанын айтты. «Ол көптен ойлап жүрген мәселе еді. Тіпті елорданы таңдаған кезде де ойымда болды. Ол кезде кішігірім қала. Елорданы онда апара алмайтын болдық. Себебі ол – біздің рухани орталығымыз, тіпті түркі әлемінің рухани ордасы», деді Н.Назарбаев.
Елбасы бастамасымен киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Сонымен қатар кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасаған қамқорлығының арқасында, «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқындау қолға алынды.
Жалпы, бүгінде сарапшылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын облыс ретінде танып, оған мәртебе беру арқылы халықаралық деңгейде насихаттауы кеше көтерілген тақырып емес екенін айтуда. Себебі «Түркістан идеясы» алғаш ел астанасын бекіту кезінде пайда болғанын Елбасының жоғарыда айтылған сұхбатындағы өз сөзі де дәлел бола алады. 1500 жылдық тарихы бар Түркістанды қайта жаңғырту, облыстық деңгейде мәртебесін көтеру, бүкіл түркі халықтары арасында ортақ мәселе ретінде қарастыру – осының бәрі көне қалаға деген ерекше көзқарастың аясында жасалып жатқан ауқымды әрі маңызды шаралар. Елбасы халықаралық биік саяси форумдарда болсын, өңірлік маңызды жиындарда болсын Түркістан мұратын бір сәт те естен шығарған емес. Мысалы, Әзербайжан елінің астанасы Баку қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің жетінші отырысында Елбасы екі ұсынысты ортаға салған болатын: біріншіден, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс. Осылайша түркітілдес мемлекеттер үшін сыртқы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін беріледі. Сонымен қатар Елбасы осы отырыста Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласын дамыту, оның маңыздылығы туралы айтып өтті. Ал биылғы қазан айындағы Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында Тұңғыш Президент халықпен кездесуінде көне шаһардың ертеңіне де тоқталды. «Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны атқарған едік. Сонда осы алаңда кездесіп, сөйлескенбіз. Сол кезде Түркістан орталық болады деп айтқанмын. Мінекей, былтыр Түркістан облыс орталығы болады деген Жарлыққа қол қойдым. Елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент – бір миллион тұрғыны бар қалалар қатарында. Болашақта осындай үлкен қалаларда экономика, мәдениет – барлығы өсіп-өркендей береді. Алдағы уақытта миллион тұрғыны бар қалалар саны тағы артады. Бүгін шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін. Түркістан шаһары алдағы уақытта ірі мегаполиске айналады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ туризмнің дами түсетініне сенім білдіріп, облыс орталығының құрылысы мен жандануына атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын жеткізді. «Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр. Жұмыстың қандай қарқынмен атқарылып жатқанын көріп отырсыздар. Болашақта әдемі қала болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді. Кейін одан сайын көбейеді деп ойлаймын», – деді Елбасы.
Иә, 1990-жылдардың аяғында Елбасының ұйғарымымен Түркістанның 1500 жылдығына байланысты дайындық шаралары басталды. Ал 2000 жылы 22 сәуірде Н.Назарбаев мерейтойға дайындық барысымен танысты. Бұл шараға Тұңғыш Президент айрықша көңіл бөлді, өйткені рухани астана мерейтойының жоғары деңгейде өтуі маңызды еді. Мерейтойды абыроймен өткізуге Оңтүстік халқы белсене атсалысты. Қаладағы Әзірет Сұлтан кесенесі мен оның төңірегінде көп іс атқарылып, Түркістан шаһары танымастай түрленіп, сән-салтанат құшағына бөленді. Қасиетті Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Зәулім құрылыстар бой түзеді. Көше, аяқжолдар ретке келтірілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болған шын мәніндегі тарихи игі іске халқымыздың жанашыр азаматтары бір кісідей атсалысты. Облыс, аудан, қала басшылары нақты көмек көрсетті. Жан-жақтан құрылыс материалдары ағылып, университет оқытушы-профессорларына арналған соңғы үлгідегі кең де жарық, жайлы коттедждер де бой көтере бастаған еді. Сол үйлерге Алматы, Шымкент қаласы мен Өзбекстаннан, Моңғолиядан, өзге де жерден бекем бел буып, біржолата келген атақты профессорлар қоныстана бастады. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық салтанатына қатысқан Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романов ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Қаланың қысқа уақытта жөнделіп, кесененің қалпына келтірілгеніне, ең бастысы, Қожа Ахмет Ясауи рухын қастерлеу атмосферасы сақталғанына қайран қалдым. Түркістан даярлығы – Елбасы Н.Назарбаевтың өз елінің халқы мен тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне деген ыстық ықыласының жарқын бейнесі», – деді. Осылайша жоғары деңгейде өткізілген мерейтойдан кейін де Елбасы Түркістанның дамуын назардан тыс қалдырған жоқ. Жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы жалғасын тапты. Мысалы, Н.Назарбаевтың қолдауымен 2002 жылы Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынды. Елбасы спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Бүгінде аталған нысан жас спортшылардың шеберлігін шыңдауына қызмет етуде. Сондай-ақ Тұңғыш Президент түркітілдес мемлекет басшыларымен Түркістанда кездесу өткізіп отырды.
Білім ордасы – бауырластық бастауы
Республика халқы, әсіресе Түркістанның тұрғындары Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың киелі қаланы қайта жандандыру жөніндегі идеяны өзі көтеріп, оны нақты қамқорлығымен жүзеге асырып отырғанын жақсы біледі. Елбасының Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің шаңырақ көтеріп, оған ұлы ойшыл-ақын, Қожа Ахмет Ясауидің есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болды. Президенттің өзі көтерген идея Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне негіз болды. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде кезінде Елбасының өзі үкілі үмітпен ашқан Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Білім ордасы күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналып келеді. Елбасының абырой-беделі арқасында Түркиядан қомақты қаржы тартылды. Түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университеттің ашылу салтанатында Елбасы: «Келешекте бұл Түркі халықтарына ортақ оқу орнына айналады. Түркістанды осы университет өркениет биігіне көтеруге тиісті», деген үлкен міндет жүктеді. Университет ашылған уақыттан бастап, оқу ордасының тыныс-тіршілігі, даму барысы Елбасы назарынан тыс қалған емес. Қасиетті қалаға жасаған сапарларының барлығында университетке арнайы ат басын бұрып отырды. Сондай іс-сапарлардың бірінде, 2002 жылы университет қабырғасында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруына, өсіп-өркендеуіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің зор рөл атқарып отырғандығын ризашылықпен айтамын. Бұл білім ордасы Қазақ елі тәуелсіздігінің символына, Қазақстан мен Түркия достастығының, білім мен мәдениетінің алтын бесігіне айналды. Университет қысқа мерзімде Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі оқу орындарының қатарына қосылды. Рухани астана – Түркістанда шаңырақ көтерген түркі халықтарының ортақ оқу орны – Халықаралық университеттің қабырғасынан түлеп ұшқан жастардың халықтар ынтымағы, береке-бірлігі жолында қызмет етіп, бірігу кезеңі аяқталып келе жатқан түркі дүниесін қалыптастыруға лайықты үлес қосатындықтарына кәміл сенемін!», деген еді. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ тек республика ғана емес, Орталық Азиядағы ірі оқу орындарының бірінен саналады.
Ал 1998 жылы Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласына жасаған сапарында ХҚТУ-да болып, Түркия Президенті Сүлеймен Демирелмен «Түркістан – Ыстанбұл» телекөпір арқылы тікелей сұхбаттасты. Телекөпір барысында екі ел президенті университеттің бүгіні мен ертеңі туралы сөз қозғап, Ясауи кесенесін көркейту, жөндеу және болашақта мәдени-рухани орталыққа айналдыру мәселелері жайында пікір алмасты. Сондай-ақ университеттің студенттер қалашығында болып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Ал 2015 жылы сәуірде Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға ресми сапары барысында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-ға барды. Оқу орнына келген Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайип Ердоған Университет қалашығының макетімен танысты және музейді аралап көрді. Сондай-ақ екі ел Президенті Түркістан қаласындағы түрік тарапының қаражатына салынған 2 мың адамдық мешітті аралап көрді, дін өкілдерімен және қала тұрғындарымен әңгімелесті. Міне, осылайша екі елді жақындастыра түскен білім ордасы бүгінде Орталық Азиядағы іргелі оқу орындарының бірі саналады. Қазірге дейін оқу орнын 80 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Өткен жылдан бастап университет барлық бағыттар бойынша іс-шараларды толық көлемде модернизациялауды бастады. Университетті 2023 жылға дейін дамытудың жаңа Стратегиясы жасалып, ол ХҚТУ-дың Үкіметаралық Өкілетті Кеңесі тарапынан қабылданған. Соның аясында 2018–2019 оқу жылында барлық процестерді жан-жақты қайта құру жүзеге асырылды. Қазіргі таңда университетте 19 елден 40 ұлт өкілі саналатын 10 мыңнан астам жас білім алуда. Оның ішінде түркітілдес 17 мемлекеттен келген 1200-ден астам студент пен тыңдаушы бар. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде білім алады. Сондай-ақ барлығы 54 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік болса, 30 мамандық бойынша магистратура, 4 мамандық бойынша резидентура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған. Жыл сайын қазақстандық талапкерлерге Түркия Республикасы тарапынан 500 білім гранты беріледі. Содан бері өткен уақытта кең өріс алған Қазақстан-Түркия арасындағы іскерлік байланыстар түбі бір туыстықпен тығыз астасып жатыр. Соның бір ғана жарқын дәлелі ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді Түркия өз мойнына алып, қыруар іс атқарғанын айтар едік. Яғни Түркістан қаласы ажарының ашыла түсуінде түрік бауырларымыздың да үлесі мол.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ерекше мән беріп, мәртебесін өсірген Түркістанды абаттандыру, көркейту бағытында бүгінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала 32 секторға бөлініп, оған жауапты аудандар мен басқармалар өздеріне тиесілі орындарды тазалау, әрлеу жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ «Бір отбасы, бір ағаш» акциясы өткізіліп, барша түркістандықтар өз үлесін қосуда. Сонымен қатар, Түркістан қаласы дүниежүзілік ұйымға мүше болды. Тарихи шаһардың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Қала әкімінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта даму жоспары бойынша Түркістан халықаралық деңгейдегі қаланың қатарына қосылмақ, яғни әлемнің Ыстанбұл, Рим, Иерусалим шаһарларының деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы