• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2013

Бес асыл іс, Бес дұшпан

35768 рет
көрсетілді

 

«Абайды оқы, таңырқа!» деуден, «Абайды оқы, орында!» деуге көшер кез келді

 

Бір-екі жылдай бұрын Шымкенттейін шаһары­ңыз­дағы Абай атындағы қалалық орталық кітап­ханада «Адамзаттың Абайы» атты кеш өткізіл­ді. Құдайға шүкір, кітапханаларда ондай-ондай іс-шаралар аз емес. Ал, «Адамзаттың Абайы» аталған әлгі әдеби кешіңіз осы күнге дейін мазасыздандырып жүр. Неліктен дейсіз ғой?

Кітапханашы қарындастарға өкпе жоқ. Жан-жақты дайындалған. Ұлы ақынның өлеңдері, тең­дес­сіз ойшылдың қара сөздері оқылды. Байып­ты баяндама бар. Әредікте әндері әуеледі. Алай­да, оқу залында отырған жетпіске жуық жеткін­шектің қалғып-мүлгіген марғаулығына, сүлесоқ салғырттығына қарап қорқып кетесіз. Жүрегіңіз суылдап қоя береді. Адамзаттың Абайы алашыңыздың оғландары мен қорландарына тіпті де қажет емес сияқты. Адамзатыңыздың Абайы алыстағы, әлдеқайдағы, әйтеуір қазағыңыздан басқа бір адами заттарға керегірек секілді сезінушілікті сезіп, селк ете түсесіз.

Содан бермен қарата бізді ойтолғақ қылғынды­рады. Қинайды. Бәлкім, кінәнің біразы бізден болар. «Сен де бір кірпіш дүниеге; Кетігін тап та, бар қалан!» дегенді балабақшада да, мектепте де, үйде де, кештерде де, тойларда да, жиын-жиналыстарда да орынды-орынсыз, жөнді-жөнсіз, тым-тым көп қайталап, көкезулене көпіретін, мағынасыз мыжып жөнелетін сөздерімізге сауатсыз һәм сауапсыз, сәулесіз тықпалап, жас өскін­дерімізді ығырлап жібереміз-ау. Деуге мәжбүрсіз. Кім білсін-ай, кім білсін. Абайыңыздан үзіп-жұлқыған үзінділерді көп кірістіргенімізбен, «кірпіштерінің» кілтипандарын келістіріп мәністей алмай, көгенкөздеріміздің көңілдері мен кеуделері керексінер кілттерді таба алмай, тайқымаңдайлық танытып жүрген жоқпыз ба осы? Дейсің тағы да.

Абайыңызды абайлап айтқан абзал-ау.

Абайды зейіндей оқымақ пен зерделей тоқымақ – алаш баласының, қазақ ұл-қыздарының ең басты, парасатты парызы екендігін Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алашорда асылдарынан бастап, бүгінгі Мекемтас Мырзахметұлы, Мырзатай Жолдасбекұлы, Тұрсын Жұртбайларға дейін толғап-ақ, қозғап-ақ, тағылымдап-ақ келе жатқандар баршылық. Қазақ өлеңінің Сұлтан­махмұттайын сұңғыла сұлтаны «Абайды оқы, таңырқа» деп, ұлағатты ұран көтергелі де жүз жыл уақытты артқа тастап үлгеріппіз. «Абайды оқы, орында!» деген тегеурінді талапқа көшетін кез келді. Бұлай етпекке себептің неде екенін екінің бірі түсінеді. Түйсінеді. Мыжымақтың мәні жоқ.

Біле-білсеңіз, түсініп-түйсінсеңіз, қазіргі «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы мен одан бұрынырақта ұлысыңызға ұсынылған «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарында да Адамзаттың Абайы мақсат тұтқан мұраттар, алаш баласына аманаттаған асыл істер алтын арна болып тартылғандай. Осы орайда Абайдың «Бес асыл ісі» көкейіңізді көктей өтіп, көкірегіңізге сәулелі нұр құяды. «Талап, еңбек, терең ой; Қанағат, рақым, ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз».

1.Талап

Талап. Осы талап деген сөз, талап деген ұғым ұлы Абайыңыздың өлеңдерінде де, қара сөздерінде де жиі кездеседі. Олай болмағының, солай демегінің себебін Асқар Сүлейменовше саралай алмаспыз, алайда, түсіну мен түйсінудің арақашықтығын аңғармақ кім-кімге де керек-дүр. Абайыңыз у іше жүріп, уайым шегіп, қайғы жұта жүріп, кешегі, бүгінгі және ертеңгі қазақ өскінінің де, жасы мен жасамысының да талап қылмағын қағидалады. Тек жас баланың, бозбаланың, қыз баланың, ересектің, егденің, бай-болыстар мен билердің, орташа мен кедейдің – жеке адамдардың ғана емес, жалпы жұртының, қайран қазағының талабы оңғарылса екен, талап жолындағы қадамы құт-берекеге кенелсе екен, пейіл-пиғылы мен нысай-ниеті ізгілікке негізделсе екен деп толғанысқа түсті. Уайымдады. Ой азабын тартты. Еңбектенді. Өзі де ұлы талап жолын, ұлы еңбек жолын, кемел де терең ойдың жолын, қасиетті қанағат пен риясыз рақым жолын – Абай жолын салып, саралап берді. Сол жолда, сол мұраттар үшін мертіліп, мерт кетті. Қайран қазағы үшін құрбан болды.

Талаптың да талабы бар. Хакім Абайыңыз Хақ тағаланың қалауымен, махаббатымен көркем мінез һәм кемелдік үшін Жер бетіне жіберілген адами затыңыздың талабы ең әуелі ізгі болмағы керектігін кестелей білгендігімен бірегей. Талап ізгілігімен ғана құнды деген қағиданы тектілікпен түсінбегіңіз ләзім. Абай осыны аңсайды. Қалайды. Қара сөздеріне қараңызшы: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – ө нерсіз иттің ісі». «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмей іздегенмен, табылмас». «Адам баласының ең жаманы − талапсыз». «Талаптың ішінде адам баласы көбіне басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам... дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс».

Талап бар. Талапкер бар. Өз басымыз осы күні қолданысқа жаппай еніп, абитуриентіңізді алмастырған «талапкер» терминіне қарадай қарсылардың қатарындамыз. Абитуриентті өзгертсек, онда студентті де міндетті түрде өзгертуге тиіспіз.

Талап ізгілігімен ғана құнды дегенді меңзей отырып, адамзатыңыздың Абайы әуелі көкіректі тазаламақ керектігін таразылайды. Ал енді абитуриент деңіз, мейлі талапкер деңізші, бәрінің талаптары ізгілікке негізделе ме? Мәселен, болашақта сот, прокурор, қаржы полицейі, ішкі істер полицейі, тергеуші, тексеруші, тағысын-тағылар болмақты көздейтін талап иелерінің түпкі мақсаты түгелдей ізгі дей аласыз ба? Әлде...

Егер басқалай болса, оның себептері неде? Қандай? Бүгінгі заманның, қазіргі қоғамның және адамның тұрғысынан толғаныңызшы. Талап турасындағы Абайыңыз аңғартар астарлар қат-қабат қой.

2. Еңбек

Бес асыл істің екіншісі – еңбек. Абайдың айқындамасына «көнсеңіз», әрине. «Талап, еңбек, терең ой; Қанағат, рақым ойлап қой. Бес асыл іс, көнсеңіз». Ұлы ойшыл, данышпан ақын «көнсеңізді» тек ұйқас үшін ғана алып отырған жоқ. Ұйқастырамын десе, шеберлік шыңындағы шайырыңызда сөздің құнары да, құрамы да, асылы да асып-төгілер. Талаптанар ма екенсіз? Еңбектен ерінбейсіз бе? Терең ойланбаққа санаңыздың сапасы жетер ме? Қанағатқа шыдарсыз ба? Рақым жасамаққа құштарсыз ба? Орындары орасан бес асыл іске көнесіз бе? «Көнсеңіздің» мәнісі өте-мөте мәнерлі. Тым-тым тереңде.

Абайыңыз талаптан да гөрі еңбекті көбірек келтіреді. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман; Шошимын кейінгі жас балалардан. Терін сатпай, телміріп, көзін сатып; Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», деген шерлі шумағында шайырыңыз еңбексіздіктің дертке айналғаны туралы еңіреп отыр. Осы ұзақтау өлеңінің соңына таман бүй дейді: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын; Арын сатып тіленген малы құрсын».

Жүз жылдан астам уақыт қара өлең құйы­лыс­тарымен кескінделген кеселдеріңіз құйқа-тамырыңызды шымырлатар. Шүйдеңізді шыңыл­датар. Қазіргі қым-қуыттанған заманда да Абай аңдатқан ахлақтағы ақтаңдақтар бүкіл адамзаты­ңыз­ды алаңдатып отырғаны анық. «Еңбек бәрін де жеңбекті» жиірек жазамыз. Көбірек айтамыз. Сонымен қатар, адал еңбектің, адал еңбек адамы­ның бағаланбай бара жатқанын да қатты уайымдаймыз. Шындап, маңдай терді төгіп, көзін тауып, кәсіпті игеріп, алдамай, адал еңбек ететіндер жоқ десетіндер бар. Жоқ емес, көп, мына біздер – бизнесмендер секілді бейнеттену керек, кәсіпкерлер күн сайын көбеюі қажет десетіндер де аз емес.

Социализмнің ортақ өгізі гүрс етіп құлап тын­ғаннан кейін, оңаша бұзаулардың соңына түсуі­міз алуан түрлі сипат алып, психологиялық тежелістерге тап болғанымыз, әлі күнге дейін мойындауға тиіс нәрселердің өзін мойындағымыз келмейтіні және белгілі. Адал да таза дейтұғын еңбек шіркіннің табиғаты да, еңбек туралы түсі­нік­тер мен ұғымдар және көзқарастар да мүлде өзгерді. Өре мен өрістер де, өлшемдер де өзгешеленді. Өршеленген өзімшілдік, өжең­де­ген өзімбілермендік, жекешеленгеннің, жекеменшіктенгеннің жөні осы екен деп оспадарсыздану оғаштанған жағдайларды көріп-біліп жүрсіз. Санада да, қалада да, далада да күрделі құбылыстар жүріп жатыр, күрмеулі түйіндер аз дей алмайсыз.

Бәрібір, Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе дейсіз. Қазақ Елінің жиырмашақты жылда жүз жылға татитын жолды жүріп өткенін де ешкім жоққа шығара алмайды. Еңбек, бәрібір, еңбек болып қала бермек. Абайдың екінші асыл ісі – еңбек ерекшелігін жоймақ емес. Заманына, қоғамына, адамына қарай біраз-біраз түрленеді. Сайып келгенде, қадірі мен қасиетін табады. Абайдың «Еңбек етсең ерінбей; Тояды қарның тіленбей» деген қанатты қағидасы ескірмейді. Қайта әлеуметтік жаңару мен әлеуметтік жаңғырту шынайыланған сайын шыңдағы шынардайын зау-заңғарлана берер.

Қазақстанымызда ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістігіңізде, ТМД елдерінде және оған кірмейтіндерде де еңбекке қатысты өзекті мәселелер талқыға түсуде. Таразылану үстінде. Мағлұм болды: еңбек ететіннің де, еңбексіз-ақ түрлі-түрлі жолдармен «жеңіл ақшаны» күреп та