ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті биыл қарашада "Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы" РМК лауазымды адамдарының заңға қарсы әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы комитеттің сайтында хабарланды.
ҰҚК мәліметінше, олар одан әрі оны өткізу мақсатында балықтардың бекіре тұқымдарын аулау және уылдырық алу бойынша браконьерлік әрекет ұйымдастырған жергілікті тұрғындарға қамқоршылық жасаған.
"Ұсталған адамдардың қылмыстық әрекеті салдарынан мемлекетке 320 миллионнан артық сомаға зиян келтірілді, заңсыз айналымнан 1 100 келі бекіре тұқымдас балық пен 17 келі қара уылдырық алынды. Маңғыстау облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының 1-бөлігі ("Лауазымдық өкілеттіліктерін теріс пайдалану"), 335-бабы 3-бөлігі, 1, 3, 4, 5-тармақтары ("Балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз алу") бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр" делінген ҰҚК хабарламасында.