• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2013

Сайлауда Абэ партиясы жеңіске жетті

313 рет
көрсетілді

Либералды-демократтар Жапония парламентінің екі палатасына да бақылауды өз

қолдарына алды. Премьер Синдзо Абэнің енді ел экономикасын жандандырып, әскери қуатын арттыру бойынша жоспарлаған жұмыстарын кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндігі бар.

Жапонияда өткен парламенттің жоғарғы палатасына сайлауда Либерал-демократиялық партия мен «Жаңа Комэйто» партиясы үлкен басымдықпен жеңіске жетті. Сөйтіп, кешегі мәлімет бойынша, аталған партиялар парламенттің жоғарғы палатасындағы 121 орынның 76-сын иеленіп отыр. Осылайша билеуші коалиция алты жылдан бері тұңғыш рет екі палатада да көпшілікке ие болды.

 

Филипп – Бельгияның жаңа королі

 

Бельгия тағына 53 жастағы жаңа монарх Филипп көтерілді. Бұған дейін оның әкесі Альберт ІІ-нің тақтан бас тарту рәсімі өтті. Ол өзінің соңғы сөзінде бельгиялықтарды тұтастыққа шақырды.

Филипп ұлттық парламенттің қос палатасы мүшелерінің алдында монарх ретінде ант берді. Осы шараға орай Брюссельдегі король сарайына 250 жоғары шенді қонақтар, оның ішінде үкімет мүшелері де бар, шақырылды. Альберт ІІ Бельгияны 20 жылға жуық уақыт басқарған еді. Сөйтіп, ол ұлының пайдасына тақтан ресми түрде бас тартты. Альберт бұл қадамын денсаулығымен және жасы келіп қалғанымен түсіндірді.

 

АҚШ санкция енгіземіз деп қорқытты

 

 

АҚШ мемлекеттік хатшы Джон Керри Венесуэла сыртқы істер министрі Элиас Хауаға егер АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Эдвард Сонуденге саяси баспана берілген жағдайда Венесуэланың қатаң экономикалық санкцияға душар болатынын ескертті.

Атап айтқанда, Дж.Керри АҚШ-тың Венесуэлаға бензин мен басқа да мұнай өнімдерін сатуды доғаратынын, ал оның ұшақтарына НАТО елдерінің әуе кеңістігін кесіп өтуге тыйым салынатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Венесуэланың басшылығына АҚШ аумағына кіруге рұқсат етілмейтінін ескертті. Қазіргі кезде Э.Сноуден Мәскеудегі «Шереметьево» әуежайының арнайы бөлмесінде шешім күтіп отыр.

 

 

 

Қысқа қайырып айтқанда:

Колумбияның Венесуэламен шекарасына жақын маңда партизандардың тұтқиылдан шабуылы барысында Колумбия армиясының 17 солдаты қаза тапты. Бірнеше партизан да көз жұмған. Тұтқынға алынғандары да бар.

Ауғанстаннан коалициялық күштердің шығарыла бастағаны белгілі. Олардың базалар маңында қалдырған гранаталары мен снарядтары және миналарына күні бүгінге дейін 50 ауғандық жарылып өлген.

Түркияда жүздеген адам тағы да Ыстамбұлдағы Таксим саябағына өтпекші болған еді. Бірақ оларды полиция сумен атқылап қуып таратты. Жалпы, елдегі жағдай қалыпты болып отырғанымен, Анкара мен Ыстамбұлда шерулер жалғасуда.  

АҚШ-тың кейбір штаттарында күн күйіп тұр. Нью-Джерси штатындағы өрттен үш тұрғын үй толықтай жанып кетті. 50 адам зардап шекті. Өрт себебі анықталуда. Қазіргі кезде штатта термометр бағанасы 40 градустан түспеуде.

Ирактың орталық бөлігінде жасалған лаңкестіктен кем дегенде 20 адам опат болды. Жарылыс сүннит мешіттерінің бірінде жасалған. Бұл жөнінде елдің құқық қорғау органдары хабарлады.

Испанияда мемлекеттік қарыз тек үстіміздегі жылдың мамыр айында ғана 23 млн. еуроға өсіп, 927 млн. еуроға, яғни рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл – елдің ішкі жалпы өнімінің 89,6 пайызы деген сөз.

 

Иран «бейшара» Израильден қаймықпайды

 

Иранның жаңадан сайланған президенті Хассан Роухани Израиль тарапынан әскери қатер төнуі ықтималдылығын жоққа шығарды. «Кейбір елдер Израиль сияқты «бейшара» ел туралы осындай әңгіме қозғаған кезде тек күлкің келеді», дейді ол.

«Бізге қоқан-лоқы жасайтын сионистер деген кімдер соншама?» – дейді тағы да Иран президенті. Бұған дейін Израиль премьері Беньямин Нетаньяху өзінің елі Иранға превентивті соққы жасай алатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол егер Иранға қарсы енгізілген санкциялар өз деңгейінде нәтиже бермейтін болса, онда АҚШ соғыс іс-қимылына жүгінуі тиіс деген пікір де білдірген болатын.

 

 

 

Үндістан өз шекарасын күшейтеді

 

Үндістан министрлер кабинетінің қауіпсіздік жөніндегі комитеті Қытаймен даулы шекара бөлігіне қосымша 50 мың солдат орналастыру туралы ұсынысты мақұлдады. Бұл үшін билік 10 миллиард доллардан астам қаржы бөлуді қарастырмақ.

Ал әскерилер Батыс Бенгалия, Бихар, Ассам, Джамму және Кашимир штаттарына бағытталатын болады. Бұған қоса армия шекараға әскери-көлік ұшақтарын жібермек. Әскерилерді орналастыруға қанша уақыт кететіні туралы әңгіме айтылмайды. Еске сала кетсек, мұның алдында Үндістан қорғаныс министрі Пекинге үстіміздегі жылдың сәуір айында Қытайдың Ладакх провинциясында лагерь құрғанына орай Үндістанның өз шекарасын қорғайтынын ескерткен еді.

 

Қытайдағы зілзала құрбаны – 47 адам

 

Қытайдың орталық бөлігінде жер сілкінісі тіркелді. Зілзала салдарынан кем дегенде 47 адам көз жұмды. 296 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Алдын ала деректерге қарағанда, ең аз дегенде 380 ғимарат, мыңдаған құрылыстар зардап шеккен.

Табиғат апатының салдарын жоюға 500-ден астам адам жіберілген. Ал жер сілкінісі кеше ертеңгісін Ганьсу провинциясында орын алған. Қытай сейсмологтарының бағалауынша, негізгі жер сілкінісінің магнитудасы 6,6 баллды құраған. «Синьхуа» агенттігінің деректеріне сүйенсек, Мейчуань және Пума елді мекендері айтарлықтай зардап шеккен. Жергілікті тұрғындардың сөздеріне қарағанда, жер сілкінісі 1 минут бойы сезіліп тұрған.

 

 

Интернет материалдары негізінде әзірленді.