Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Тұңғыш Президенті күніне орай «Қазіргі Қазақстан. Елбасының көшбасшылығының сабақтары» Жалпыреспубликалық ашық сабақ өтті.
Шараға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева, Тұңғыш Президент Елбасы - кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Ғазиз Телебаев, университеттің институт басшылары мен білім алушылары қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітапханасының ғылыми-көрме жобасы аясында түсірілген «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» деректі фильмінің көрсетілімнен басталды. Фильм Елбасының ядролық қарусыз әлем үшін жаһандық қозғалыстың дамуына қосқан үлесі мен түрлі аспектілеріне, еліміздің ең маңызды бастамаларына арналған.Сондай-ақ, фильмде Қазақстан мен Жапонияның бүкіл әлем үшін ядролық қарудың жойқын салдары туралы халықаралық қауымдастықты ақпараттандырудағы бірлескен әрекеттері туралы баяндалады.Деректі фильмнің міндеті - кейінгі ұрпаққа екі елдің халықтары басынан өткерген қасірет туралы - 1945 жылы Хиросима мен Нагасаки қалаларын бомбалау және Семей ядролық полигонында қырық жылға созылған сынақтар туралы айту болатын. Бұл жастарымыздың ел тыныштығы мен тәуелсіздігін бағалай білуі үшін таптырмас сабақ.
Іс-шараны ректор Такир Балықбаев ашып «Қазақстанның Тұңғыш Президентін жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде әлемдік қоғамдастық әділ мойындап отыр. Мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану ісіне қосқан зор үлесі үшін әр жылдары Жапонияның ең жоғары мемлекеттік наградаларымен марапаттауы растайды», деп атап өтті.
Студенттер алдында депутат Динар Нөкетаева мен профессор Ғазиз Телебаев ашық дәрістер оқыды. Динар Нөкетаева Тұңғыш Президент күнінің маңыздылығын, Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің қалыптасуындағы рөлін, оның әлемдік саясаттағы беделін атап өтті. Ал Ғазиз Телебаев тыңдаушыларды ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кітапханасы қызметімен таныстырып, оның қорында жиналған материалдар туралы әңгімеледі. Филология және көптілді білім беру институтының студенті Дильназ Юсупова танымдық дәрісті ұйымдастырушыларға студенттер атынан алғыс білдірді.