Кеше «Қызылорда – Құмкөл» тасжолында жолаушылар автобусы аударылып, оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 21 адам ауруханаға жатқызылды. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мамандар оқиғаның жай-жапсарын айтып, журналистер сауалдарына жауап берді.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтанның айтуынша, «South Oil» серіктестігінің жұмысшылары отырған автобус Құмкөл кенішінен түнде шығып, Шымкент қаласына қарай бағыт алған. Олардың апатқа ұшырағандығы жайлы хабар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «112» құтқару қызметіне таңғы сағат 4:25-те түскен. Департамент басшысы жолдағы көктайғақ салдарынан аударылған көліктегі 36 адамға көмек көрсетуге тиісті сала мамандарының жедел жеткенін атап өтті. Қазір жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалған.
– Қазір автобуста болған азаматтардың жеке бастарына қатысты мәліметтер анықталуда. Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталып, тиісті сараптама тағайындалды, – деді Б.Сұлтан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақовтың айтуынша, зардап шеккендерге алғашқы көмекті оқиға орнына 7 жедел жәрдем көлігімен жеткен дәрігерлер көрсеткен.
Жарақат алған 21 адам облыстық медицина орталығы мен қалалық ауруханаға жатқызылды. Ауыр жарақаттанған 6 адам жансақтау бөліміне жеткізіліпті. Автобуста болған жолаушылардың 16-сы орташа деңгейде, 7-еуі жеңіл-желпі жарақаттанған. Оларға республикалық шұғыл медициналық көмек орталығы тарапынан да қолдау көрсетілуде.
Қызылорда облысы