• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Желтоқсан, 2019

Дамуға дем беретін дәстүрлі форум

320 рет
көрсетілді

Қызылордада ХІ «Baikonyr Invest» халық­ара­лық инвестициялық форумы өтті. «Қызыл­орда: тұрақты өрлеу, ин­вес­тициялық ын­ты­мақ­­тас­тықтықтың жаңа мүм­кіндіктері» атты фор­ум аясында жалпы құны 100 млрд теңгеге жуық­тайтын жоба­лар­ды жүзеге асыру үшін 25 меморандум мен 1 келі­сім­шартқа қол қойылды.

Жыл сайын тұрақты өтіп тұратын дәстүрлі форум ин­вестициялық жобалар көрме­сінен басталды. Еліміз бен шетелден келген кәсіпкерлер, инвес­тициялық компания жетекшілері, ғылыми-зерт­теу институттары өкілдері көрме­де осы бағыттағы облыс мүм­кіндігімен танысты.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов форумның облыс экономикасына тигізген пайдасы жайлы айтып өтті.

– Осыған дейінгі өткен ф­о­рум­дарда 130-дан астам мемо­ран­думға қол қойы­лып, облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвести­ция тартылды. Ал өткен жылғы форум «жасыл экономика» тақырыбына арналып, жаң­ғырмалы энергия көз­дері, инвестициялық жобаларды дамыту және «жасыл тех­но­логияларды» енгізу сала­сындағы ынтымақтастық мәсе­лелері тал­қы­ланды. Со­ның нәтижесінде қазір Жала­ғаш және Шиелі аудандарында күн-электр стансалары салынуда, – деді облыс басшысы.

Қызылорда облысы тиімді логистикалық жағдайға ие өңірдің бірі. Сырдария өзені бүкіл облысты көктей өтіп жатыр, теміржол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық магистралінің 800 шақы­рым­нан астам бөлігі осы өңір аумағымен өтеді. Инвес­торлар үшін керегі де осы.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының дирек­торы Рақым Ошақбаев моде­раторлық еткен форумда шет­елдік дипло­матиялық кор­пус өкілдері, кәсіп­керлер, ин­вес­тициялық ком­пания­лар басшылары да пікір­лерін білдірді. Иран Ислам Рес­публикасының Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Маджид Самад­заде Сабер екі ел арасындағы экономика­лық бай­ланыстарға тоқталды. Соң­ғы жылдары Иранның Гүліс­тан, Мазен­деран аймақтарымен Қазақ­­станның оңтүстік өңірлері ара­сында барыс-келіс, алыс-беріс ұлғайғанын атап өтті.

 Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс «Шелл» ком­па­­ния­сы экономикалық бай­ла­ныс­тың негізіне айнал­ғанын айтты. Мұ­най-газ саласынан бөлек ауыл шаруашылығы өнім­дерін экс­порт­­таудан ал­дыңғы қатарлы мем­­лекет сана­латын Нидерланды ин­вес­ти­циясымен Ақтөбеде ірі жылы­жай кешені салынды. Сон­дай ке­шен­нің бірін алда Қызылор­дада салу жоспарлануда.

Қазақстандағы Корея Рес­пуб­ли­ка­сының елшісі Ким Дэ Сик Корея мен біздің ел ара­сын­дағы «Самал жел» атты эко­но­­микалық ынтымақ­тас­тық бағдар­ламасы жайлы айтты. Көлік және логис­тика, құрылыс, өнеркәсіп, инфра­құрылымды дамыту, тау-кен металлургия және жер қойнауын пайдалану, сауда-экономикалық ынты­мақтастық, энергетика, ин­новация, ауыл шаруашы­лығы, қаржы, денсаулық сақтау мен мәдениет, туризм және білім беру салаларын қамтитын бағдарлама шеңберінде Сыр өңірінде аурухана салу жос­парда бар.

Бұдан бөлек Франция, Гер­мания, Македония, Канада, Сло­ве­ния, ҚХР, Ресей Федера­циясы инвесторлары қатысқан форумда облыстың әр саладағы мүм­кіндігі сарапқа салынып, облыс, қала әкімдіктері мен ин­­весторлар арасында бір­қатар ме­мо­рандумға қол қойылды.

Билік пен бизнестің арасын­дағы диалог алаңына айналған форумда Байқоңыр арнайы экономикалық аймағын құру, ауыл шаруашылығында фер­мер­лікті және мал шаруа­шы­лығы кластерін дамыту, мем­лекет-же­ке­меншік әріп­тестікті дамыту перс­пектива­лары талқыланды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА