• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Желтоқсан, 2019

«Күнделіктің» күні әлі туған жоқ

569 рет
көрсетілді

Көптеген мұғалімдер, ата-аналар, тіпті Парламенттегі «Ақ жол» демократиялық партиясы «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (ААЖ) функциясын үнемі сынап, оның дұрыс жұмыс істемейтіндігіне шағынып жүреді.

Фракция депутаттары Үкіметке де бірнеше депутаттық сауал жолдап, осы жүйені қалыпқа келтіруді сұраған. Депутаттар тіпті оның жұмысын барлық мектептер кең жолақты интернетке қол жеткізгенше тоқтата тұруды да өтінген. Сонымен бірге оның көптеген қызметтерінің ақылы болғанына да депутаттар наразылық білдірген. Бар гәп осы жерде сияқты. «Күнделіктің» арқасында оңай табыс табуды көздегендер оны қалай да жаппай енгізу туралы шешімді өткізіп жібергенге ұқсайды.

«Ақжолдықтардың» депутаттық сауалына жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтан жауап келіп, онда министрлікке тегін көрсетілетін қызметтерді көбейту мүмкіндігін қарастыру тапсырылғаны жеткізілді. Сонымен бірге интернеті жоқ ауылдардың мектебінде «Күнделік» ААЖ өшірілетіндігі айтылған.

Кеше Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында да осы мәселе талқыланды. Жиын барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов интернет желісі жоқ ауылдарда мұғалімдерді электронды күнделікті толтыруға мәжбүрлеу фактілері бар екенін айтты. «Интернет жоқ ауылдарда электронды күнделікті толтыру қисынға келмейді. Мұғалімдерді мәжбүрлемеңіздер. Интернеттің жылдамдығы төмен болғасын, мектепте түнде жұмыс істеуге тура келеді.  Тіпті кейбір мұғалімдер көрші ауылға барып, толтырады дегенді естідім. Мұндай бассыздыққа жол берілмесін», - деді Құмар Ақсақалов.

Алдымыздағы жылы өңірдің 236 елдімекені кең жолаққа қосылады. Одан арғы, 2021 жылы тағы 196 ауыл сапалы интернетке қол жеткізбек. Тек 2022 жылы ғана облыс ауыл-селоларының 86% кең жолақты интернетке қол жеткізеді алады екен. Демек, жүз пайыздың ауылы әлі алыс. Осындай жағдайда «Күнделікті» жаппай енгізу қисынға келмейтіні көрініп тұр.

Солтүстік Қазақстан облысы