Алматыда бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен «Arlan Grip Championship 2019» деп аталтын аса ірі халықаралық турнир басталады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған турнирдің алғашқы күні 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер өнер көрсетеді. Келесі тәулікте ересектер мен ардагерлердің жекпе-жектерін тамашалаймыз. Ал ең соңғы күні кәсіпқой спортшылар жарыс көрігін қыздырады. Осылайша, үш күн бойы «Алматы Арена» спорт кешеніне жиналған жұрт алыс және жақын шет мемлекеттерден келген 1300-деп аса шеберлердің қатысуымен өтетін қызықты бәсекелердің куәсі болады.
Қазақстан Республикасы бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплинг федерациясының вице-президенті Ақмарал Қанатбаеваның айтуынша, осы спорт түрінің басы-қасында жүрген азаматтар түрлі қайырымдылық іс-шарадан да қалыс қалып жүрген жоқ. Мәселен, айтулы федерацияның қамқорлығының арқасында Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан қос бірдей балалар үйінде осы спорт түріне бейімделген арнайы зал ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтымасыз етілді. Жас жеткіншектердің шеберліктерін шыңдау мақсатында оларға білікті бапкерлер бекітілді. Бұл күндері балалар үйінің бір топ ұлдары мен қыздары сол үйірмелерде тегін даярлануда. Солардың арасынан озып шыққандары ертең Алматыда жалауы желбірейтін жарыста да өнер көрсетеді.
АЛМАТЫ