• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Желтоқсан, 2019

Алматыда «STOP Экстремизм!» байқауы ұйымдастырылды

398 рет
көрсетілді

Елімізде діни экстремизм мен терроризмге жол жоқ!

Осындай ұстанымды алдына мақсат еткен «STOP Экстремизм!» байқауы Алматыда ұйымдастырылды. Жыл сайын халық арасында бұл зұлымдықтың алдын алуды насихаттайтын байқауға барлық саны 87 қатысушы өтінім тастап, 100-ден астам жұмыс авторлары бақ сынады.

Дін – қазіргі жастарға әсер ететін белсенді күштердің бірі. Ал Қазақстан халқы, әсіресе, жастар жағы діни ағымдардың кері жағын дұрыс танымай жатады. Осы орайда елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы қоғамды қалыптастыру мақсатында жыл сайын өткізілетін «STOP Экстремизм!» әлеуметтік байқауына Қазақстанның барлық қаласынан 130 авторлық бейнеролик келіп түскен.

«Ең бастысы, бұл роликтерде адамдардың экстремизм дегеннің не екенін біліп, екінші жағынан, туыстар мен жақындарымызды содан сақтап қалу болып отыр. Менің ойымша, бұл өте жақсы стимул және адамдардың осындай экстремизмге қарсы жаңа шеруі, жақсы «тренд» деп есептеймін», - деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген.

Байқауға еліміздің әр қаласынан 87 адам қатысқан. Сайыс талаптарына сай орындалған және мағынасы терең әлеуметтік бейнероликтердің ішінен ең үздіктері таңдалып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Байқаудың жүлде қоры 1 500 000 теңгені құрап, ол бес қатысушыға бөлініп берілді. Ең жақсы авторлық жұмыстар «Үздік әлеуметтік ролик» номинациясы бойынша - 700 000 теңге, «Үздік идея» - 400 000 теңге, «Үздік режиссерлік жұмыс» - 300 000 теңгелік ынталандыру сыйлығы номинациялары бойынша марапатталды.

Марапаттау рәсімінде бұл зұлымдықтың мән-мағынасын бейнеролик арқылы жеткізе білген жұмыстардың көбі көрермендер назарына ұсынылды. Алдағы уақытта байқауға қатысқан бұл роликтер әлеуметтік желілерге де жүктеледі. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындарды - Олег Хон, Әлинұр Шпекбаев, Сабина Тоқсанова, Рүстем Әлпи есімді қатысушылар иеленді.

Қазіргі таңда халықаралық терроризм ауқымы, келтірген залалдары мен жиілігі бойынша адамзаттың үлкен проблемаларының біріне айналған. Десе де, діни экстремизм мен лаікестікке қарсы күрес елімізде  2013 жылдан бастау алып, арнайы бағдарламалар жұмыс жасап келеді. Онда жат ағымның  алдын алуда жұртшылықты жұмылдыруға және мақсатты топтар арасында ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жетілдіруге жете мән берілген. Айта кетелік, осындай маңызды шара Алматы қаласының прокуратурасы мен арнайы қоғамдық қорлардың қолдауымен ұйымдастырылған.  

 

АЛМАТЫ

 

 

 

 

 

 

.