Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты имамдардың аймақтық форумы өтті. Форумға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысты. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қоғам мен діни қызметкерлер алдында өскелең ұрпақты патриотизм мен отансүйгіштік рухында тәрбиелеу міндеті тұрғанын атап өтті.
«Діни қызметкерлер жастардың деструктивті идеялардың жетегінде кетпеуі үшін олардың алдын алып, түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров.
Бұл үшін жас ұрпақ танымына теріс әсер ететін түсініктердің неғұрлым дұрыс еместігін сіңіру қажет. Ал діттеген мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың бойына ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды, танымды сіңіру қажет. Ол жұмыс әр отбасының қабырғасында басталуы шарт.
Форумда Қазақстан мұсылмандарының «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы талқыланды. Құжатта әрбір мұсылманның жеті қасиеті көрініс тапқан.
«Патриотизм Отанға, ана тіліне, дәстүр мен мәдениетке деген құрметтен бастау алады. Патриотизм шыңы – бұл өз ұлтына деген сүйіспеншілік», - деді Серікбай кажы Ораз.
Шара қоғамда жас ұрпақ пен балаларға дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеуді көздейді.
Кездесуге Нұр–Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шахад Абдулхамид Мұхаммад аль-Джинди, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Президент және Халық» газетінің бас редакторы Марат Байділдаұлы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ аппаратының басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің деканы, профессор Ықтияр Молдатөреұлы, Алматының бас имамы Еркінбек Шоқай, имамдар және университет студенттері қатысты.