• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Желтоқсан, 2019

Алматыда академик Валентина Жұмағұлова атындағы дәрісхана ашылды

228 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде академик Валентина Жұмағұлова атындағы дәрісхана ашылды.

Көрнекті лингвист ғалымның 65 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шараға жоғары оқу орындарының басшылары, оның әріптестері мен шәкірттері және білім ордасының ұжымы қатысты.

Валентина Жұмағұлова – Халықаралық жоғары мектеп ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол отандық білікті кадрлар мектебінің негізінің қалануына және саланың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ғалымның бірі.В. Жұмағұлова алғаш рет қазақ баспасөзіндегі сықақ жанрының тілдік ерекшеліктерін, газет айдарларының стилистикалық қызметін және Қазақстанның орыстілді баспасөзіндегі эмоционалды-экспрессивті лексиканың қалыптасуын жан-жақты зерделеді. Ұзақ жылғы зерттеудің нәтижесі ғалымның «Қазақстанның орыстілді баспасөзіндегі сықақ пен мысал» атты докторлық диссертациясында жинақталып, көзіқарақты көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл жұмыс бұқаралық коммуникация тілі дамуының жалпы және жеке үрдісін жүйелі лингвистикалық қабылдау жолындағы маңызды қадам болды.

В. Жұмағұлованың мерейтойлық жиынын Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, оның отандық ғылымды дамытудағы үлесі мен қызметін атап өтті.

– Валентина Ивановна еңбек жолын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен бастады. Ол тәжірибелі педагог ретінде оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдерін жасап, оның оқу үдерісіне енгізілуіне жүйелі ықпал етті. Оның тікелей ұйытқы болуымен оқу орнының студенттерінің шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында тұлғаға бағытталған оқыту, күрделі оқу, ынтымақтаса оқыту сияқты жаңа білім беру технологиялары қолданысқа енді. Бүгінде де аталған әдіс-тәсілдер педагогтарды заман талабына  сай даярлауда тиімді  пайдаланылып келеді. Сонымен қатар Валентина Жұмағұлованың жетекшілігімен оқу жоспарлары және тіл білімінің өзекті мәселелерімен байланысты еңбек нарығы қажеттілігіне сай таңдау пәндері жасалды. Оның қолдауымен университеттің профессор-оқытушыларының ғылымның өзекті мәселелеріне арналған оқу құралдары жарық көрді, – деді университет басшысы.

Сонымен қатар ол ғалымға Қыздар университетінің «Құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде тапсырды.

Оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысқан жиын барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академияның бірінші вице-президенті, академик Надир Надиров, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Шәріпбек Әмірбеков, Қыздар университетінің Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Клара Мыңжасарова, ардагер ұстаз Алма Тәжімұратова, ғалымның шәкірттері Алмагүл Задаева мен Бейбіткүл Каримова сөз сөйлеп, ізгі ниетін жеткізді.

Айта кетейік, Валентина Жұмағұлованың есімібірқатар бағдарламалар мен іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу бағдарламаларының авторы ретінде танымал. Бұл тарапта оның 10-ға жуық зерттеу еңбегі жарық көрген.

 

АЛМАТЫ