Қазалы қаласындағы аграрлық-техникалық колледжінде «Ән әлемі шақырады» атты облыстық ретро-фестиваль өтті.
Он бірінші мәрте ұйымдастырылып отырған шараға облыстың барлық аудандарынан келген вокалды-аспапты ансамбльдер қатысты.
Дәстүрлі фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап құттықтау сөз сөйлеп, ескі әндерді ел есіне алып жүрген өнер ұжымдарына алғысын жеткізді.
Фестиваль барысында Қазалы ауданынан «Ритм», «Мелодия», «Қазалы», Жаңақорған ауданынан қатысқан «Jom-Art», Сырдария ауданынан келген «Ритм», Қармақшы ауданынан «Ақай», Жалағаштан «Алтын – Арай», Арал ауданынан «Арал» вокалды-аспапты ансамблдері70-90 жылдардағы әндерді орындап, көпшілік ықыласына бөленді.
Кеште Қазалы қаласының әкімі Рахметолла Ізтілеу, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының бөлім меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев шара жайлы лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушылар өнер ұжымдарына бағалы сыйлықтарды тапсырды.