Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сынға түсіп жатқан елорданың «Барыс» клубы Сочиде жергілікті «Сочи» командасынан басым түсті.
Өткен турда «Барыс Аренада» «Йокерит» командасынан 2:4 есебімен жеңіліп, қазақстандық көрермендердің көңілін құлазытқан жерлестеріміз бұл жолы көздеген мақсатына қол жеткізді. Қос команда ойыншылары бірінші кезеңде қақпа саңылауын таба алмай, үзіліске тең есеппен тарқасты. Екінші кезеңде жерлестеріміз басымдыққа ие болып, екі бірдей шайба соқты. Алғаш Даррен Диц есепті ашса, Роман Старченко «Барыстың» екінші шайбасын соқты. Бірақ кезең соңында «Сочи» ойыншылары есепті қысқартуға мүмкіндік алды. Шайба авторы – Павел Макаренко.
Үшінші кезеңде Роман Старченко дубл авторы атанып, Джесси Блэкер ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 1:4. Бұл жеңістен кейін «Барыс» командасы 44 ұпаймен «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.