Клара Дмитриевна Зорина – Халық жазушысы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың ұстазы. Сырлас досына айналған тұлғаның 80 жылдығына орай Ақтау қаласындағы IT лицейінің оқушыларымен кездескен Клара апай өзінің талантты шәкіртін – еліміздің айтулы ақын қызын сағынышпен еске алып, ол туралы ойларын ортаға салды.
Оның Фаризамен таныс-білістігі 1954 жылдан басталыпты. Өз оқушыларынан небары 5-6 жас үлкен ұстаз ауыл мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруге барады.
– Мен Гурьев (қазіргі Атырау) облысының Новобогат ауданына қарасты Манашы ауылына ұстаз болып бардым. Болашақ танымал ақын Фариза мен сабақ беретін сыныпта оқыды – ол бастамашыл, мұқият, алғыр, талантты және туған елін, жерін сүйетін қыз болды. Сөзінде тұратын, бір нәрсеге уәде берсе орындамай тынбайтын жауапкершілігі жоғары оқушы еді, сондай-ақ домбыраны жақсы тартушы еді. Қазақтың белгілі күйшілерінің шығармаларын үйреткан анасына риза болатын. Ол бір оқулық жетіспейтін қиын кез еді, алты сабақтан соң балалар қалып менің айтуыммен диктант жазатын. Бір-бірімізге өкпе-реніш, арыз-шағым жоқ, бірімізді-біріміз түсініп, қолдап, біріге кететінбіз. Мен оларға орыс тілін үйреттім, ал олар маған қазақша үйретті, – деп алыс күндерді жылы шыраймен еске алды Клара Зорина.
Бүгінде 86 жасқа толған Клара Зорина Фариза, оның өмірі, ол сүйіп жырлаған Маңғыстау тақырыбына көбірек оралып, лицей оқушыларына көп мағлұмат берді. Сондай-ақ, «Дорогой, любимой Кларе Дмитриевне – с бесконечным чувством поклонения перед ней. Фариза, ваша скромная ученица. 1984, 7 июля, Алма-Ата» деген қолтаңбасы қалған кітапты қастерлей ұстап, халқының ықыласына бөленген ақын шәкіртін әрдайым есіне алып отыратынын жеткізді.
Ақтаудағы кәріс этномәдени бірлестігі шәкірттерін оқушы Фаризаның өмірімен және оның көзі тірі ұстазы Клара Дмитриевнамен жүздестіру барысында балалар Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды.
Шәкірті үшін мерейленген ұстаз-ана лицей оқушыларына алғысын жеткізіп, өнегелі буын болып өсіп-жетілуіне тілек білдірді. Қарт ұстаз балалығы соғыс, одан кейінгі қиын жылдарға тап келген Фариза замандастарымен қазіргі балалардың жағдайын, заманын салыстыруға келмейтіндігін, сондықтан бар мүмкіндікті пайдаланып оқып-білім алуға тырысу қажеттігін айтты.
Маңғыстау облысы