• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2019

Қазақ үшін Желтоқсан жылдың басы...

483 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Қызылжар аспанының астын дүбірлетіп, жергілікті он сегіз ақын қатысқан, Тәуелсіздік күніне арналған аламан айтыс өтті. «Қызырлы Қызылжар – құт бесік» деп аталған, тек қана теріскейдің ақындары қатыстырылған мұндай айтыс өңірде тұңғыш рет өткізіліп отыр екен.

Ұлы жазушымыз М.Әуезов айтқандай осы күні облыстың ең үлкен сахнасынан «жыл келгендей жаңалық» сезіндік. Осыдан біраз ғана бұрын «Солтүстікте айтысатын ақын жоқ, бұл өнер мешеу қалды» деп жүрген едік. Енді он сегіз ақынның сахна төріне көтерілгені және бәрі де «өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сала алмайтын» шебер тілмен, шешен сөзбен  көрермендерді тәнті еткені бір ғанибет болды. Осынша ақынды тауып, айналасы бірнеше жылдың ішінде ғана ақындар мектебінің негізін қалаған Жарқын Жұпархан інімізге қалай алғыс айтсақ та жарасатын сияқты.

Алғашқы жұпқа Қызылжар ауданының өкілі Аманжол Зағыпар мен Есіл ауданының өкілі Жантілеу Рахымов шықты. Әдемі тіркестер, өткір ойлар бұлардың айтысында көп болмаса да елес беріп жатты. «Парызымды өтеп жүрген маған, арызыңды сен айтып қоймайсың» деген ұйқастар сәтті шығып жатты. Әрине, шеберлік пе, шабыт па бұл екуіне сәл жетіңкіремей тұрды. Екінші жұпқа Есіл ауданының тағы бір ақыны Абзал Жұмабек пен Шал ақын ауданының ақыны Шыңғысхан Ғабдуллин шықты. Осы айтыста Шыңғысханның қызылжарлықтарға қарап, «Еріктің орнын басып 18 ақын шықты, қабыл болған шығар тілек, дұғаларың» деген сөздері орынды айтылды. Шынында, бір кезде барлық қазаққа танымал болған Ерік Асқаровтан кейін бұл өлке, жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың төл өнері  айтыста кенжелеп қалған еді. Айтқандай, қазіргі Жарқын Жұпархан басқарып жүрген «Ақындар мектебі» сол Ерік Асқаровтың атында.

Үшінші жұпқа Айыртау ауданының өкілі Мұхаммед Қоңқаев пен Мамлют ауданының атынан Нұргүл Оқашева шықты. Екеуіне де он ұпайдан берілген бұл айтыста өткір тіл, тауып айтылған шешен сөздер, әдемі әзілдер, әлеуметтік мәселелер – бәрі де айтылды. Әсіресе, Нұргүл айтқан - Қызылжарда әлі күнге Тельман, Фрунзе сияқты халықты қынадай қырған қызыл кәмесерлердің атында көше болып, әлі күнге қазақ үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп күрескен Алаш арыстарының атында бір де көше аты жоқ деген сөздер дөп айтылған сындар екеніне ешкім дау айта алмас.

Барлық жұптың айтысын бағалап, саралап шығу мүмкін емес, сондықтан тек сенсациялық жұп болған әкелі-балалы Өзбек Тастанбеков пен Санжар Өзбекұлының айтысы жұрттың езуін жидырмағанын айта кетейік. Екеуін айтысуға жеребе қосқан екен. Айтысты алдымен бастап кеткен баласын әкесі «әке отырып ұлы сөйлегеннен без» деген емес пе деп бір-ақ сөзбен ұстаған еді, бірақ оған қарамай, уақыт болған соң екеуі әзілмен шарпыса берді. Сол сияқты қызылжарлық Серік Өтепбергенов пен айтысқан Уәлиханов ауданының өкілі Амангелді Оқастың «Өзге жұртқа желтоқсан жылдың соңы болса, Қазақ үшін ол жыл басы» дегені тапқырлықпен айтылғаны тәнті етті.

Қорыта айтқанда, айтыстың бас бәйгесі – 300 мың теңгені Мұхаммед Қоңқаев, бірінші орынды – Жұмабек Рахымов, екінші орынды – Нұргүл Оқашева, үшінші орынды дирижер болып істеп, еліне өнер таратып жүрген тағы бір жас Қайырлы Ғафуров алды. Айтысқа шыққан ақындардың бәріне 50 мың теңгеден, ал көзге түскендерге Қызылжар аспанының жұлдыздары болған К.Салықов, Ш.Шәймерденов, М.Жұмабаев, Е.Асқаров атындағы 80 мың теңгелік сыйлықтар берілді.