• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Желтоқсан, 2019

Кеңесте жастар мәселесі талқыланды

130 рет
көрсетілді

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Достық үйінде Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Оған облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Қалмақова, қала және аудандардан келген келісім кеңесінің өкілдері қатысты.

«Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Асылбек Жұмабаев «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы мен жастар практикасын жетілдіру мәселелері жайлы қысқаша айтып өтті.   

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалуы жайлы облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков хабарлама жасады. Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан әлеу­меттік бағдарлама   жастарымыздың мамандықтарына сай жұмысқа орналасуына, сондай-ақ ауылда  жас мамандар қатарын толықтыруға мүм­кіндік бергендігін тілге тиек етті.

2019 жылға 323 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы төлеуге 61,6 млн теңге, тұрғын үй несиесіне 503 маманға 1,9 млрд теңге бөлінді. Жалпы жылдан-жылға қатысушылар қатары артып келе жатқан жобаны жүзеге асыру аясында берілетін бюджеттік несие көлемі бойынша биыл біздің облыс республикада алдыңғы қатарда тұр.

Елбасы биыл «Жастар жылы» аясында аталған жобаға енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейту және мамандарға төленетін көтерме жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты, Ұлттық экономика министрлігіне 2020-2022 жылдары 2 971 маманға көтерме жәрдемақы беру жөнінде енгізілген ұсынысқа сәйкес қосымша  249,9 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар 2020 жылы 566 маманды тұрғын үй несиесімен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 2 250,7 млн теңге қаржы бөлінді, деді басқарма басшысы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Қалмақова жастар тәжірибесін жетілдіру бойынша атқарылған шараларға тоқталып өтті. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шараларға жыл басынан 29649 адам қатыстырылды. Оның ішінде, ауыл тұрғындарының үлесі 57 пайыз болып отыр. Кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға 10,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 948 адам шағын несие алып, қосымша 843 жаңа жұмыс орнын ашты. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты иеленген 2662 тұрғын өз кәсіптерін бастады.   

«Еңбек биржасы» электрондық порталын пайдалану үшін халық және жұмыс берушілер арасында  бос жұмыс орындарын ұсыну жөнінде түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Биыл 13109 адамның 64 пайызы жұмыспен қамту орталықтары, қалғаны  осы электрондық портал арқылы жұмыспен қамтылды.  

Жастар тәжірибесінен өткен мамандардың тұрақты жұмыспен қамтылу деңгейін көтеруге «Еңбек» бағдарламасына жаңадан енгізілетін 2 жоба мүмкіндік береді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы шеңберінде маман 2 жылға дейін жұмыспен қамтылып, алғашқы жылдың еңбек ақысы бюджеттен субсидияланады. Ал, «Ұрпақтар байланысы» жобасы бойынша бағдарламаға қатысушы зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкер-тәлімгердің қасына 18 айға тұрақты жұмысқа орналасады.  Әрі қарай тәлімгердің орнын жас маман басады.

Отырыс аясында кеңес мүшелері жастарды ауылшаруашылық саласына тарту, тәжірибеден өтетін маманға білікті тәлімгерді бекіту жайлы пікірлерін білдірді.