19-24 желтоқсан аралығында Катардың бас шаһары – Дохада ауыр атлетикадан лицензиялық турнир өтеді. Бұл жарыста Қазақстанның намысын жеті спортшы қорғайды.
Еліміздің ерлер құрамасы кіл мықтылардан жасақталып отыр. Атап айтсақ, 61 кило салмақта Игорь Сон сайысқа түседі. Ақтөбенің тумасы биыл Паттайяда өткен әлем чемпионатында күміс медальді иеленді. 81 кило салмақ дәрежесінде қос зілтеміршіге үміт артылуда. Олар – Денис Уланов пен Нижата Рахимов. Алғашқысы – Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, екіншісі – Олимпиада және әлем чемпионы. 96 кило салмақта әлемнің төрт дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Илья Ильин сайысқа түседі. 109 кило салмақта Азия біріншілігінің қола жүлдегері Ибрагим Берсанов шеберлік байқасады.
Ал әйелдер арасындағы сайыста соңғы кездері өрелі өнерлерімен көзге түсіп жүрген Екатерина Быкова (76 кило) мен Раушан Мешітханова (87 кило) бақ сынайды.