Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Омбыда өткізген Нұр-Сұлтанның «Барысы» жергілкті «Авангард» клубынан айласын асырды.
Бастапқыда айдын иелері алымды көрінді. 7 және 11 минуттарда Кирилл Семенов пен Семен Кошелев гол соғып, «Авангардты» алға шығарды. Бірақ бұл жағдай біздің жігіттердің сағын сындыра алған жоқ. Керсінше, намыстарын қамшылады. Нәтижесінде үзілістен кейін Роман Старченко есеп айырмашылығын қысқартты. Үшінші кезеңде қонақтар қарқынын одан әрі күшейте түсті. Ал бәсекенің аяқталуына екі минуттан аса уақыт қалғанда Корбан Найт пен Никита Михайлис алма-кезек нысананы дәл көздеп, «Барысқа» жеңіс әперді. Есеп – 2:3.
Осы күнге дейін 35 ойын өткізіп үлгерген «Барыстың» қоржынында қазір 46 ұпай бар. Шығыс конференциясында жерлестеріміз үшінші орында келе жатса, тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде алтыншы сатыға жайғасты. Енді өзінің келесі кездесуін астаналық хоккейшілер 18 желтоқсанда Төменгі Новгородта жергілікті «Торпедоға» қарсы өткізеді.