• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
100 17 Желтоқсан, 2019

Рысбала Әбдіқадыр: «Егемендегі» әр күнім - тарих

245 рет
көрсетілді

Биыл 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ғасырлық басылымда талай-талай тұлғалар қызмет еткені белгілі. Бас басылымның игілігі үшін өмірінің көп бөлігін арнаған олардың әрбірінің еңбегі өлшеусіз. Солардың бірі газетте 32 жыл түрлі жауапты қызметте жұмыс істеген Рысбала Әбдіқадыр өзі еңбек еткен жылдардағы естелікке толы әңгімесімен бөлісті.

Рысбала Әбдіқадыр 1985 жылы «Egemen Qazaqstan» газетінің  меншікті тілшілер бөліміне үйлестіруші болып жұмысқа қабылданады. Ол кезде басылымның атауы «Социалистік Қазақстан» болатын. Осы сәттен бастап оның өз жұмысына деген құштарлығы мен бас басылымға деген махаббаты жауапкершілік, тиянақтылық атты асыл қасиеттерін ұштап отырды. Қатаң тәртіпке құрылған қызметтің жүгі қаншалықты жауапты екенін жіті сездірді. Р.Әбдіқадырдың айтуынша, редакциядағы әр күн қызыққа толы қарбаласпен өтетін. Ол тұста техниканың мүмкіндіктері бүгінгідей болмаса да әр облыстың маңызды ақпараты дер кезінде газет бетіне шығып отыратын. Шағын көлемді ақпараттар телефон арқылы алынып, жазу машинкасымен қағаз бетіне түскен болса, ал кең ауқымды мақалалар пошта арқылы жетіп отыратын болған.

Р.Әбдіқадыр меншікті тілшілер бөліміндегі қиын да қызық қызметіне тез бейімделіп кетеді. Меншікті тілшілер мен бөлім басшыларының арасын жалғап, өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып жүргенінде оны тағы бір жауапты қызмет күтіп тұрады. Араға жылдар салып газет редакциясы 1999 жылы елордаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына, көшіріледі. Осы кезеңде Р.Әбдіқадыр басылымның жаңа ашылған электронды бөлімінде жұмыс істейді. Өз қызметіне әбден үйренген ол жаңа қызметтің де жұмысына тез үйреніседі. Алғашында компьютермен қалай жұмыс істеймін деген қорқыныш болса да, мамандығына деген махаббаты оның қызметтік қабілетін арттыра түсті.  Мұнда ол газетті басып шығаратын барлық баспаханалармен тығыз байланыста қызмет атқарды. Басылымның әр облысқа кешікпей өз уақытында жетуі үшін барын салды.

Кейінірек технология қарқын алып заман талабы өзгерген соң, газет оқырмандарына басылымның электронды нұсқасын да ұсыну қажет болды. Осылайша 2005 жылы «Қазақ интернеті» қоғамдық бірлестігінің ұсынысымен «Egemen Qazaqstan» газетінің сайты құрылды. Осы сәтте сол тұстағы басылым басшысы Ержұман Смайыл Р.Әбдіқадырды енді сайт жұмысын жүргізу үшін жауапты қызметкер ретінде таңдайды. Осылайша ол сайттың ең алғашқы қызметкері ретінде жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Басылымға 90 жыл толғанда 2009 жылы мерейлі тойға Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, күнделікті газеттің қағаз нұсқасымен қатар оның электронды нұсқасын да оқитынын айтады. Елбасының осы бір сөзі сайттың жұмысын одан әрі жандандыруға себеп болады. Бұдан соң 2010 жылы сол тұстағы басылым басшысы Ержұман Смайыл сайттың негізін салып, алғашқы сұлбасын жасаған Серікқазы Көкенайды редакцияға арнайы шақыртып газет ішінен «Веб-сайт» шығармашылық тобы құрылады. Бұдан соң газеттің күнделікті санын сайтқа жариялап отырған Р.Әбдіқадырдың жанына қосымша 4 қызметкер алынып, сайт жұмысы кеңейе түседі.

Р.Әбдіқадыр қызмет еткен жылдары бүгінгідей жылдам интернет болмады. Соған қарамастан  ол өзіңің жұмысын үлкен жауапкершілікпен істеді. Оның айтуынша,  газеттің pdf нұсқасын сайтқа жүктегенде неше түрлі қызық жағдайлар болған. Ұзақ уақыт бойы дайындап салған жұмысы жарияланар соңғы сәтте телефонға жалғанған кабельді интернет істен шығып кететін де сәттер болған. Ал оны қайта жасап салу еңбек пен шыдамды  қажет етеді. Алайда Р.Әбдіқадыр үшін бұл аса қиындық туғызбайтын. Оның айтуынша, мұндай интернетпен жұмыс істеудің де қызығы мол еді.

Газет беттерін дайындаушы жұмыс тобы түн ортасына дейін еңбектенген болса, «Веб-сайт» шығармашылық тобының жұмысы таң ата басталған. Р.Әбдіқадыр жұмысқа таң атысымен  келіп, жұрт жұмысқа келер уақытта барлық ісін тындырып қоятын. Қатаң тәртіпке құрылған жұмыста бір минут та кешігуге болмайтын. Газет материалдары дәл таңғы 09:00-де сайтта жарияланып тұратын. «Басылым бетіндегі әр мақаланы, тіпті, 1-2 сөйлеммен ғана берілген ақпаратты түгел сайтқа жүктемесем, бүкіл газетті салмағандай күй кешетінмін. Әр ақпараттың маңызын түсініп, оған жауапкершілікпен қарағандықтан болар, мереке күндері де таң атысымен келіп, өз жұмысымды өз деңгейінде істеуге тырысатынмын», деп Р.Әбдіқадыр сүйікті басылымын ерекше сағынышпен еске алды.

Өмірінің 32 жылын газетке қызмет етуге арнаған Р.Әбдіқадыр басылымда 1985-2017 жылдар аралығында жұмыс істеді. Құрметті демалыс – зейнеткерлікке де бас басылымнан шықты. «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің және бірнеше алғыс хаттар мен құрмет грамоталарының иесі бүгінде 100 жасқа толған ғасырлық басылымның торқалы тойына құттықтау тілегін айтып, газеттің ел еңсесін тіктеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде өлшеусіз үлес қоса беретініне сенім білдірді.