Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен «ашық микрофон» форматында кездесу өткізді.
Бүгінде «Алматы-2050» даму стратегиясы әзірленіп, қала жұртшылығы тарапынан талқылану үстінде. Өмір сүру сапасы бойынша әлемнің үздік 100 қаласының қатарына енуді мақсат ететін құжаттың келешегі жарқын. Қазіргі кезде қала әкімдігі осы бағыттағы жұмыстарды бастап та кетті. «Осынау мақсатқа қолжеткізу және мегаполистің барлық бұрышында сапасы жағынан бірдей жолдар, жарық, сумен қамту және өркениеттің басқа да нышандары болуы үшін біз таяудағы бірнеше жылдар ішінде жол және инфрақұрылымдық мәселелерді толық шешеміз. Тиімді жұмыс жасау, бірімізді-біріміз тыңдай және ести алу үшін біз екіжаққа да пайдалы осындай кездесулер өткізудеміз. Тек бірлесіп жұмыс істегенде ғана табысқа жететін боламыз», деп атап өтті Б. Сағынтаев. Әкімнің айтуынша, келер жылдан бастап қала бюджетінің «Менің аулам», «Менің көшем», «Менің ауданым» мақсатты бағдарламалары жүзеге асатын болады. Осылайша, аудандардың мәселелері толық көлемінде шешімін табатын болады.
Бұл әкімнің аудан тұрғындарымен өткізген екінші кездесуі.Мектептердегі орын тапшылығы туралы Б.Сағынтаев қалада шамамен 30 мың орынның жетіспейтінін айтты. МЖӘ аясында 13 мың орынды сегіз мектеп салу бойынша келер жылдан ауқымды бағдарламаның қолға алынатынын хабарлады. Бала бақшалар салу бойынша да осындай жұмыстар жүргізілетін болады.
Аудандағы ескі үйлерді сүру мәселесі әлі күнге өзекті. Қаланың Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, «Ескі үйлер» бағдарламасы аясында жаңа үйлер салу үшін жеке инвесторлар тартылып, қала басшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Алайда, тұрғындардың кейбіреулері ұсынылған шарттармен келіспегендіктен, ескі үйлерді сүру мәселесі ұзаққа созылуда. Ауданда жарты миллионнан астам ағаш болса, оның 12 мыңға жуық апатты ағаштар. Ендігі кезекте оларды кесу мәселесі талқыланды. «Нұршашқан» ықшамауданында медпункт салу туралы қойылған сұрақ бойынша қала әкімі Б. Сағынтаев құжаттарды жедел мерзімде әзірлеуді әрі келер жылы әлеуметтік нысанды пайдалануға беруді тапсырды. Алматы әкімі бірден ауданның жүктемесі көп көшелері арқылы жаяу жүргіншілердің өтпелі жолдарына бағдаршамдар орнатуды тапсырды.
«Тұрғындарды толғандыратын ағымдағы мәселелерді шұғыл шешу қажет, ал назарды жүйелі мәселелерге аударған жөн», деп қала әкімі Б.Сағынтаев аудан әкімі мен қалалық басқармалар мен қызметтердің басшыларына қадап тұрып айтты. Өзге аудандардағыдай Түрксіб ауданының тұрғындары да қоғамдық көліктің сапасына шағымданды. Хабарланғанындай, барлық бағыттарды жүз пайыз қамтамасыз ету үшін қалаға шамамен мың автобус қажет. Қазіргі кезде қаланың тасымалдаушылары ай сайын автопарктерді жаңартып, жаңа автобустарды желіге шығаруда. «Жалпы, қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыруда біз әлем қалаларының озық тәжірибелерін игеретін боламыз, бағыттарды тұрғындардың сұранысы бойынша жасақтаймыз, қалалықтар қай жаққа жиі баратын болса, автобустар да сол бағыттар бойынша жүретін болады», деп атап өтті қала әкімі Б. Сағынтаев.
Кездесуді қорытындылаған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бірқатар мәселелердің жедел шешілетіндігін айтып, жүйелі сұрақтардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, оларды шешу әрі бюджетпен қамтамасыз ету үшін уақыт қажеттігін қаперге алды.