Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, студенттердің шәкіртақысы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға көтеріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов стипендияны көтеру және ЖОО-дағы мәселелер сөз болған брифингте хабарлады.
Президент Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының ашылу салтанатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура және докторантура студенттерінің стипендиясын 25 пайызға көтеруді Үкіметке жүктеген болатын. «Биыл қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтары бойынша білім алатын 122 мың студенттің стипендиясы 30 пайызға көтерілді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкіметке арнайы орта білім алатын колледж студенттерінің де стипендиясын 25 пайызға арттыруды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.
Осыдан соң іле-шала ұйымдастырылған шағын жиында министр А.Аймағамбетов студенттердің стипендиясын көтеруге республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінетінін жеткізді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы уақытында орындалады. Әрине оған қомақты қаражат қажет. Айталық, бір жылда ЖОО студенттеріне 13 млрд теңге қаржы керек. Енді оған колледж студенттерін қоссақ, тағы 5-6 млрд теңге қажет болады. Әлбетте, түптеп келгенде айтарлықтай сома шығады. Дегенмен, бұл маңызды шешім. Студенттер осы жаңалықты көп күтті. Біздің студенттер үшін бұл – үлкен қолдау», деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, жағымды жаңалық барлық студенттерді қуантпақ. Себебі жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантураны қоса алғанда ізденушілер арасында жоғары дәрежелі стипендия алатын студенттер де бар. Бұдан бөлек, мүгедек, асыраушысынан айырылған жандар да қосылады. Демек, еліміздің барлық студенттері жаңа жылдан бастап биылғыдан 25 пайызға көп стипендияға қол жеткізеді.
Баспасөз жиынында ЖОО-лардағы мәселелер де сөз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында білім берумен емес, диплом сатумен айналысатын университеттерді қатаң сынға алып, еліміздегі ЖОО-лар санын қысқарту керектігін айтқан еді. Қ.Тоқаевтың тапсырмасынан кейін министр А.Аймағамбетов тексерістің басталып кеткенін және университеттерге лицензияны министрлік беретіндіктен, айыруға да осы ведомствоның уәкілетті орган болатынын еске салған-ды. Сондай-ақ жабылған ЖОО-лардағы студенттердің мұндай мәселеде зиян шекпеуі жан-жақты қарастырылатынын айтқан. Ал осы брифингте ведомство басшысы бұған дейінгі тексерістің қорытындысы бойынша 5 ЖОО-ны лицензиясынан айыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. «Естеріңізде болса, қараша айында Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті, Павлодардағы Инновациялық Еуразия университеті, «Алматы» университеті, Өскемендегі Қазақстан-Америка еркін университеті және Ақтөбедегі қазақ-орыс халықаралық университеті лицензиясының жұмысы тоқтатылған болатын. Қазір біз қосымша тексеріс жүргізіп жатырмыз және оның нәтижесімен жақында тағы бес ЖОО-ның лицензиясын тоқтату туралы шешім шығардық. Олар заңға сәйкес бұл шешімге 10 күн ішінде шағым түсіруге құқылы. Егер шағымдану немесе сотта басқа шешім болмаса, біз қандай ЖОО-лар екенін айта аламыз», деді Білім және ғылым министрі.
Бұдан бөлек, брифингте университеттердегі қордаланған, көп күттірмей шешімін табуды қажет ететін мәселелер де айтылды. Оның бірін А.Аймағамбетов ашық атады. «Біз бірінші курсқа бес студент қабылданып, аяғында 150-ге жуығының бітіргені туралы фактілерді көріп отырмыз. Екінші, үшінші курста жөн-жосықсыз жұмыс істейтін ЖОО-лар басқа университеттердің оқудан шығарылған студенттерін жинайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, біз жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейттік, жоғары білім беру саласында тәртіп орнату үшін қосымша тетіктер енгізіледі», деді ол.