Жыл сайын Алматы қаласында орналасқан Қазақтың Спорт және туризм академиясында Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті еске түсіруге арналған республикалық турнир өтіп тұрады.
Айтулы жарыста жоғары оқу орындарының студенттерінен бөлек, республикамыздың әр өңірінен жиналған былғары қолғап шеберлері бақ сынауда. Әр жылдары Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Мират Сәрсенбаев, Жәнібек Әлімханұлы, Әбілхан Аманқұл, Бекболат Құрамысов және тағы басқа саңлақтар осы турнирде өнер көрсетіп, өз шеберліктерін шындады. Уақыт оза олардың барлығы да аса ірі халықаралық додаларда дараланып, мемлекетіміздің мақтанышына айналды.
Қазақтың Спорт және туризм академиясы, Алматы қаласының әкімдігі және жекелеген демеушілердің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл сайын дәстүрі түрде өтіп жүрген Қайрат Рысқұлбековті еске түсіруге арналған республикалық турнирдің жеңімпаздарына келесі жылдан бастап Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын беру жөнінде ұсыныс айтылды.
Біз бұл ұсынысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрілігінің Спорт комитетіне жолдадық. Және де құзырлы орган тарапынан ол қолдау табады деген ойдамыз. Себебі, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков ел азаттығы жолында құрбан болған жан. Желтоқсан оқиғасы кезінде 22 жастағы өрімдей жас ештеңеден қаймықпастан КСРО-ның содыр саясатқа қасқайып қарсы тұрды. Сол үшін де мерт болды. Қазақстан Тәуелсіздік Алаштың мақтан тұтар азаматының құрметіне жыл сайын республикамыздың көптеген аймақтарында түрлі шаралар өтуде. Өз кезегінде Қазақтың Спорт және туризм академиясы тарапынан боксшылар арасындағы республикалық турнир қатарынан 19 жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Келесі жылы айтулы жарыстың жалауы 20 мәрте желбірейді. Осы мерейтойлық турнирде топ жарған жігіттерге спорт шебері атағы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді, дейді айтулы академияның бокс және ауыр атлетика кафедрасының меңгерушісі Тайыржан Ысқақов.