Математиктердің көп сөзді, бос сөзді ұнатпайтындары белгілі. Тасқа түскен таңбадай нақтылықты және дәлелді деректерді жақсы көреді. Оған себеп те жеткілікті, құпиясы мол математикалық теңдеулердің бір тұсынан иненің жасуындай қателік жіберсеңіз, талай түнгі көз майын тауысып істеген еңбегің еш. Сондықтан математик болып туған пенде «мидың мың градустық домнасында» қайнап-піскен ой-пікірінен ақау жібермеуге тырысады, өзгелерден де жинақылық пен ұстамдылықты талап етеді... Иә, бұл тіркесті тіл ұшына оңай орала салғандықтан айтып отырғаным жоқ, математик боп қалыптаспайды, дұрысы – математик болып туады.
Сіз бен біз жиі ұшырасатын бір шындық бар, осы күндері орта мектепті ойдағыдай бітірген бозбала мен бойжеткен жоғары оқу орнына құжат тапсырар мезетте математикадан сынағы көп білім ордасына тәуекел жасаудан аздап тайсақтайды, одан гөрі гуманитарлық салаларға бүйрек бұрады. Ал біздің күнделікті өмірімізде математика араласпайтын бір тетікті тауып беріңізші! Ақпараттық технологияңыз, компьютеріңіз тұнып тұрған математика.
Жә, кіріспеге осы «қайырма» молынан жетер. Бүгінгі кейіпкеріміз – Жақсыбай Тоқбергенов математиканың майын ішкен маман. Оны мақаламызға «тұздық» үшін айтып отырғаным жоқ; өлшеулі ғұмырдың сан тарау белестерінен бірге өтіп, жақсылықты да жамандықты да бірге көріп, азаматтық ар-ождан сынға түсер сәтте ылғи табандылық танытып, алған бетінен қайтпайтын турашылдығы мен жора-жолдасқа деген адалдығы арқылы жүрек төрінен орын алған тұлғалық бет-бейнесін боямасыз аңғарған соң ғана Бидайбекұлын ерекше құрмет тұтатындығымды ылғи алға тартқым келеді. Әр заманның өзіне тән сыры мен сипаты болады. Жасыратыны жоқ, дәл осы уақытта «Болашақ» бағдарламасымен шетелден білім алу, зәру мамандықты сол жақтан үйреніп келу – мода. Халықаралық стипендияның қызығын көріп, білім беру жөнінен әлемдік деңгейдегі биіктіктерді бағындырған оқу орындарын ойдағыдай бітіріп келген жас мамандардың ел экономикасы мен халық дәулетін арттыру жолында білек сыбана қызмет істеп жатқандығын әсте жасыруға болмайды. Оларға әр кез ризамыз. Ал өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы, алпысыншы жылдарының басында шетелге шығып білім алу дегеніңіз түске кіретін жағдай еді ғой. Мына қызықты қараңыз, 1957 жылы ғайыптан тайып, көрші Ресейдің қазақ жастарына ала-бөле жанашырлық танытып, Новосібір мемлекеттік университеті тосын конкурс жарияламасы бар ма. Бұған дейін де Ресейдің іргелі оқу орындарынан білім алғандар аз емес-ті. Бұл турасында әділдікке жүгінгеніміз абзал, Ресей білімді де білікті кадрлар даярлау жағынан кез келген мемлекетті алдына сала қоймайды. Әсіресе математикаға ерекше көңіл бөлінетін, әлем мойындаған ресейлік математиктердің аты-жөндерін санамалай бастасаңыз, әңгімеміздің ұзаңқырап кететін түрі бар. Және бір оңтайлы тұсы, көрші мемлекеттен оқу бітіріп келгендер өз арамызда қызметке тұру жөнінен де көп кедергілерге кезіге қоймайтын.
Новосібір университетіне алғыр, есеп-қисабыңды шемішкеше шағатын әрі болашағынан үміт күттіретін «сен тұр, мен атайын» математиктер ғана керек-ті. Жақаң, Жақсыбай досымыз сол кезде Мойынқұмның орталығынан келіп, ҚазПИ-дің математика факультетіне қиналыссыз оқуға түсіп, көппен бірге студенттік дәуренді бастан кешіп жатқан-ды. Мына тосын хабар жас жігіттің де жүрегін жаулап алды. Жаулап алған себебі, Жақаңның алдында математикалық теңдеудің мың-миллион қипиясын ашу сынағы күтіп тұрған-ды. Білім инемен құдық қазғандай, ал шын мәніндегі нағыз математик атанудың мән-мағынасы одан гөрі тереңде. Математиканың өн бойында сен іздеген жаһұт-жауһардың бәрі бар, тіпті математика мен поэзияның арасында да анау айтқандай айырмашылық жоқтың қасы. Заманымыздың заңғар математигі Асқар Жұмаділдаевтың есеп шығарудан жалыққан сәтінде ойға құйыла салатын өлең жолдарын жазып тастайтындығы сірә, содан шығар-ау!
Ауылдағы әке-шеше, ағайын-туыс үшін Новосібір дегені дүниенің қиыр шеті және танымайтын бейтаныс өлке. Әкесі Бидайбек шаруа баққан, адал еңбегінің арқасында отбасын ішім-жемнен тарықтырмай, бала-шағасын үкілеп өсірген, оқу-тоқудың түбін түсірмесе де, өмірдің беталыс-бағдарынан хабары мол көзі ашық, зерделі адам. Орта мектепті өте жақсы бітірген ұлының талабына қарсылық жасамайтындығы белгілі. «Өзіңнің байламың солай ма, әлде көптің дүрмегіне еріп, қосыла шабудан саумысың?» дейтін өңменіңнен өтетін жалғыз сұрақтың жауабын күткен-ді тағатсыздана. Жақсыбай да толыққанды жауап беруге тырысты. Дүрмекке еретіндей емес, іргелі оқу орнының маңдайдан шертіп қалап алатыны қазақстандық он екі студент қана. Мұндай мүмкіндік ендігі жерде кезіге ме, кезікпей ме, кім білсін. Ал Бибіхан анамыздың уәйімі көп-ті. Оқу іздеп сонау Алматы аспай-ақ, мына тұрған Жамбылда да Жақсыбайға жетіп-артылатындай институт бар ғой деп ішінен күңкілдеп жүргенде Новосібір дегенде шалқасынан түсе жаздады. Осы бір өмірлік штрихты Жақсыбай бүгін жасы сексенге келсе де әлі күнге дейін ұмытпайды. Әкесінің туған ағалары Әбдірайым, Ноғайбек. Ал Әбдірайым ақсақал өмірден көрген-түйгені мол, ескілікті әңгімелер мен әзіл-қалжыңға келгенде де алдына жан салмайтын дарқан көңіл, төңірегіне топырлатып адам жинап жүретін көпшіл кісі еді. Жазатайым Мойынқұм өңіріне жолы түсе қалған әкім-қаралардың Әбекеңнің шаңырағын аттап өткендері шамалы. Тамыр қуалағанда атақты Ағыбай батырдың тұқым-жұрағаты боп келетін қазыналы қарияның көп әңгімесін Жақсыбай да жатқа соғады. Қызыға тыңдайсың. Фантазия мен шындық қамшының өріміндей қатар түзіледі. Анасын көндірген де сірә, осы әкесі болар.
Жуырда Новосібір мемлекеттік университеті өзінің алпыс жылдығын әлемдік дәрежедегі той-думан ретінде атап өтті. Жо-жоқ, той-думан емес, іскерлік жағдайында. Осы күндері Жер шарының 48 мемлекетінде аталмыш оқу орнының түлектері қызмет істейді екен. Дені математиктер. Жақаңдар осы мәліметті мақтаныш тұтады. Алғашқы түлектердің он екісі Қазақстанда. Түгел математиктер. Ғылым жолына түскен пендеңіздің еңбекақысының шама-шарқы қашаннан белгілі ғой, бүгіндері де күреп алып жатқандары шамалы. Бұл өзі «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» таусылмайтын жыры. Ғылым саласына бел шешіп кірісетін жастар осы күндері тіпті саусақпен санарлық. Бұл проблеманың қашан бір ізге түсетіндігін тірі жан және тап басып айта алмайды. Ал Жақаңдар өмір бойы осы саланың қал-қадерінше кем-құтығын бүтіндеумен келеді. Аштан өліп, көштен қалып жатқандары шамалы, құдайға шүкір, ұл-қыздарын өсіріп, немерелеріне саналы тәрбие беріп, пешенеге жазылған несібені азсынбай да көпсінбей, ел қатарлы тірлік кешуде. Атақты оқу орнының механика-математика факультетін ойдағыдай тәмамдасымен Ғылым академиясының Математика және механика секторының аға лаборанты болып еңбек жолын бастады. Араға екі жыл салып, Мәскеудегі КСРО ҒА-ның О.Ю.Шмидт атындағы Жер физикасы институтының аспирантурасына түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Өзіміздің Сейсмология институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақ политехникалық институтының аға оқытушысы, доценті және «Қолданбалы математика» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, тәуелсіздік жылдарынан бастап, Алматы автомобиль-жолдары институтының «Жоғары математика және есептеу техникасы» кафедрасының меңгерушісі, Көлік және коммуникация академиясының доценті, профессоры, халықаралық Экология академиясының академигі, Алматы технология университетінің доценті, 60-тан астам ғылыми және методикалық еңбектің авторы. Осыған әр жылдары марапатталған құрметті атақтарын қосыңыз... Жас ұлғайған сайын шынайы достардың арасы сирексиді, ол – өмір заңы. Ал біз үшін сонау құлыншақ күндерден үзеңгі қағысып бірге келе жатқан Еркінбек Баратбаев, Жанұзақ Тоқыбетов, Құрақбай Секеев, Тоғызбек Нартанов, Галина Рысқұлова... секілді әріптестердің жөні бөлек. Басымыз қосыла қалса таңның қалай атып, күннің қалай батқанын аңғармай қаламыз.
Жақаңның сүйікті жары – Дәнегүл ханым да математик, Сейсмология институтында ұзақ жыл жемісті қызмет істеп, осы таяуда ғана құрметті демалысқа шықты. Қызы мен ұлдары – Гүлсім, Ержан, Нұржан – өңшең математиктер. Келіндері Шолпан, Дина – банк саласының мамандары. Немерелері – Азамат, Алуа, Жәңгір, Аянат, Айару, Дания, Аделья – Жақаң мен Дәнегүлдің көз қуаныштары. Жәңгірі осы күндері бірнеше математикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп үлгерді. Шетелге де шығып келді. Түбі осы немересі атасының жолын қуып, үмітін ақтайтын секілді.
Сексен. Аяқ-жолын әзер тауып жүретін бүкшиген қария дейтін түсінікті бұл жолы мүлдем қаперге алмаңыз. Тіл-аузымыз тасқа, Жақаң әлі тың. Күн сайын үш-төрт шақырым жаяу жүреді. Ертеңгілік мұздай сумен жуынады. Шетелден шығатын математикалық ғылыми журналдарда жарық көретін мақалаларды қалт жіберместен астын сызып, мұқият оқиды. Шешімін таптырмай жүрген математикалық теңдеулер шаш-етектен. Жә, оның да бір жөні табылар. Кісінің ала жібін аттамай адал өмір сүру; жоқ пен бардың ара салмағын безбендеп, қанағатшыл болу; сыпайы, салмақты, кісі көңілін қалдырмай дос-жаранмен кішіпейіл қатынаста тірлік кешу... түбір астындағы теңдеудің шешімін табудан оңай ғой деймісіз?! Жақсыбай Бидайбекұлының мағыналы ғұмыр жасындағы басты байламы осы! Бәлкім, түбір астындағы теңдеудің шешімі де осы қағидамен үндесетін болар...
Есберген БОЖАНОВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк академиясының толық мүшесі