Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында таэквондодан Райымбек батырды еске түсіруге арналған ашық республикалық турнир өтті.
XVIII ғасырда жоңғарларға қарсы шайқаста талай рет көзсіз ерлік көрсетіп, атағы шыққан қазақтың қас батырына арналған жарыста республикамыздың барлық аймағынан және Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 1500-ге тарта спортшы бақ сынады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша республикалық және қалалық таэквондо федерациясы, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған дүбірлі дода түрлі жас ерекшеліктері бойынша жүлделер сарапқа салынды.
Балалар арасындағы бәсекеде Алмас Нұрахметов, Нұрай Райымбек, Айша Сайлаухан, Нияз Аметханов, Батырлан Мақсатұлы, Дамир Жаншылықов, Валерий Пак, Марлен Серік, Бек Ынтымақтың бағы жанса, жасөспірімдер сайысында Аружан Тілеужанова, Әлішер Саламатов, Арайлым Арапбай, Әсел Әбубәкір, Айнұр Сыздықбаева, Аяужан Тасқынбек, Бейбарыс Қабылан, Асқат Мәмбетов, Алексей Ямшиков, Сұлтан Байтұрсын, Антон Пак, Абдолла Әбілқасым, Бектөре Оралханов, Әлібек Нұрғазы, Қайсар Нұрберген және тағы басқа таэквондошылар топ жарды.
Сол секілді жастар мен ересектер арасындағы бәсекелер де аса тартысты өтіп, барлық қарсыласын сыпыра ұтқан спортшылар жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілді.
АЛМАТЫ