БЦСА (балалар церебрал сал ауруы) дертіне шалдыққан бес атыраулық балаға ота жасалуын және олардың әрі қарай оңалуын "Милосердие" қайырымдылық қоры ұйымдастырды.
Израилден шақырылған нейрохирург Алматыдағы клиникалардың бірінде қазақстандық әріптестеріне шеберлік сыныбын өткізді. 8 бен 15 жас аралығындағы балалардың жұлынына ота жасалды. Ота барысында израилдік дәрігердің ассистенті – Атырау облыстық балалар ауруханасының нейрохирургы – Арипов Шадиор болды. Әр отаның ұзақтығы сегіз сағатқа дейін созылды.
- Барлық оталар сәтті өтті. Отадан соңғы оңалу жеті күнге созылды. 9 желтоқсанда біз Атырауға қайттық, - деді Шадиор Арипов.
Балалар облыстық балалар ауруханасы базасында қалыпқа келу емі кезеңінен өтетін болады. Жергілікті дәрігерлерге алматылық мамандар – "АРДИ" оңалту орталығының дәрігерлері жәрдемдеседі. Олар облыстық балалар ауруханасының дәрігерлерін бірегей емдік денешынықтыру әдістеріне үйретеді.
АТЫРАУ