Тәуелсіздік мерекесіне орай Сыр өңірінде бірнеше нысан пайдалануға берілді. Шиелі ауданында жаңа аурухананың ашылу салтанатына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев қатысты.
Құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында басталған аурухананың жобалық құны 5 млрд 5 млн теңге. Жаңа медициналық мекемеде барлық қызмет түрі көрсетіледі. Аурухана қолданыста бұрын да болған, бірақ, қазір қызметі бірнеше есе жетілдірілген лапроскопиялық ота жасайтын видеостойка, шала туған нәрестелерді бірқалыпты жылуда ұстап тұратын кювез секілді жаңа техникалық жабдықтармен қамтылған.
Аймақ басшысы аудан халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, Сыр өңірі әлеуметтік салаға қаржы бөлуден аймақтар арасында көш бастап тұрғанын атап өтті.
- Әлеуметтік саладағы ең маңызды бағыт - денсаулық сақтау қызметінің сапасы мен оның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы «Ақылды қалалар», цифрлық активтер құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу, цифрлық қызметтердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс деп тапсырған болатын. Осы орайда, аймағымыздағы медициналық орталықтар цифрлық қызмет көрсету жұмысына көшті. Баршаңызды азаматтарымыздың денсаулығын жақсартатын жаңа аурухананың ашылуымен құттықтаймын, - деді өңір басшысы.
Емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасын жақсарту мақсатында ауданаралық аурухананың жаңа ғимаратына құны 2 млрд 226 млн теңге болатын құрал-жабдықтар беріліп отыр.
Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 2025 жылға дейін облыс орталығында ғана емес, аудан мен елді мекендерде де жаңа ауруханалар салу жоспарда тұрғандығын жеткізді. Министр орынбасары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бастамасы мемлекет тарапынан азаматтарға жасалған үлкен қолдау екендігін де атап өтті.