Адамзат дамуының ұлы табыстарының бірі саналатын мемлекет әр халықтың өмірінде тағдыршешті рөл атқарды. Мемлекеттік билікті дұрыс қалыптастырған жағдайда ол қоғамның бірігуі мен дамуына әсер етеді. Қоғамдағы ішкі қайшылықтардың алдын алады және сыртқы қауіптерден қорғайды. Ал өзінің негізі – халықтан алыстап, оның бақылауынан тыс саяси күшке айналса, қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Адамзат тарихынан осындай қарама-қайшылыққа толы оқиғалар туралы мысалдар келтіруге болады. Тарихи тәжірибе қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде объективті қажеттілік ретінде мемлекет пайда болатынын және ұлт тарихында прогрессивті рөл атқаруы тиіс екенін деректер дәлелдейді.
Әрбір халық үшін өз мемлекетін құру арман болып табылады. Мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төнген жағдайда, оны сақтау немесе қайта жаңғыруы үшін күреске шығады. Мұндай драмалық оқиғалар қазақ халқының тарихында бірнеше рет орын алды. XV ғасырдың ортасында қалыптасқан Қазақ хандығы түріндегі орталықтандырылған мемлекет үш ғасырдан кейін қазақ қоғамының саяси өмірінен ығыстырылып Ұлы дала халқы алдымен Ресей, одан кейін Кеңес империясының құрамына кірді. Бірақ өз мемлекетін жаңғырту идеясы әрқашан халық үшін жол сілтер шамшырақ болды.
Бір өкініштісі, Абылай хан, Кенесары және «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің қажырлы күш-жігеріне қарамастан, қазақтардың жоғалтқан мемлекеттілігін XX ғасырдың 90-жылдарына дейін қайта жаңғырту мүмкін болмады. Аталған кезеңде құрамында басқалармен қатар Қазақстан болған Кеңес Одағы бір мезгілде шиеленіскен дағдарыстарға тап болды. Содан Одақтың ыдырауы басталды. Қазақстанда алаңдаушылық жағдай қалыптасты. Қоғамдық бірлестіктер мен түрлі бағыттағы саяси партиялар пайда бола бастады. Олардың кейбіреулері ашық немесе бүркемеленген ұлтшыл және шовинистік пиғылда болды. Тұрмыс жағдайларының күрт нашарлауынан қатардағы азаматтардың саяси белсенділігі артты.
Осындай жағдайда елдегі саяси жағдайды тұрақтандыруда сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістер елеулі рөл атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары 1989 жылғы 22 қыркүйекте 1978 жылғы Конституцияға 270 депутаттың 90-ы қоғамдық ұйымдардан, Ғылым академиясынан, шығармашылық одақтардан сайлануы тиіс деген ережені енгізді. Бұл аз болса да, нақты демократия үшін күрестегі жеңіс болды.
Бұған дейін депутаттыққа кандидаттарды түрлі деңгейдегі партия комитеттері анықтайтын еді. Олар сайлау комиссияларына партиялық қысым әдістерін пайдалана отырып, кандидаттарының Жоғарғы Кеңеске сайлануын қамтамасыз ететін.
Жаңа тәсілде Жоғарғы Кеңестегі осы 90 орынға партия органдарының араласуынсыз сайланған адамдар келді. Соңғы 90 депутаттың өткір және еркін пікірталастарға белсенді қатысуымен «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация (1990 ж.)», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң (1991 ж.), Қазақстан Республикасының Конституциясы (1993 ж.) сияқты аса маңызды заң актілері қабылданды. Конституцияға енгізілген осы түзетулер қоғамдық өмірді нақты демократияландырудың бастамасы болды. Олардың арқасында жаппай түрлі бағыттағы саяси белсенділік құқықтық арнаға бейімделді. Сайлау науқаны партиялық диктаттан тыс жағдайда жүрді.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы және 90-жылдарының басында Кеңес Одағының жоспарлы экономикасы дағдарыстың шыңына жетті. Дағдарыстық мәселелерді бұрынғы әкімшілік-командалық әдістермен шешу мүмкін емес еді. Бұл факторлар одақтық орталық пен одақтас республикалар арасындағы қарым-қатынасты шиеленістірді. Қалыптасқан жағдай одақтас республикаларға үлкен еркіндік беруді қажет етті. Осыларды ескермеген одақтық орталық КСРО-ның құлдырауын тоқтатуға тырысып бақты. Осындай жағдайда, 1990 жылғы 24 сәуірдегі заңмен Қазақстанда Республика Президенті қызметі белгіленді. Сол күні Жоғарғы Кеңес бірауыздан Н.Ә.Назарбаевты Президент етіп сайлады.
Бұл мемлекеттік биліктің кеңестік жүйесіне тән құбылыс емес еді. Социалистік мемлекеттің жеке-дара басшысы қызметі мемлекеттік құрылыстың лениндік теориясында да, оның жетпіс жылдық тарихында да қарастырылмаған болатын. Бірақ қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық белгісіздік жағдайында партия органдарының нұсқауы бойынша ғана жұмыс істеуге үйренген Кеңес өкіметінің күрделі құрылымданған органдарының жүйесі жинақталған және пайда болған қоғамдық проблемаларды шешуге дәрменсіз болды.
Осылардың арасында одақтық органдармен қарым-қатынас құру мәселелері аса өткір тұрды. Оларды шешу үшін республиканың өкілетті және беделді өкілі қажет болды. Бұл міндетті 1991 жылдың 1 желтоқсанында бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті атқарды. Президент елді қиын жағдайдан шығарып, оның тұрақты дамуы үшін жағдай жасаушы, дағдарысты реттеуші-менеджерге айналды. Қазіргі Қазақстан тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы міндетті тамаша орындағанын көрсетеді.
Президент қызметінің белгіленуі мемлекеттік билікті «кеңессіздендіру» үдерісін бастады. Бұрын тек қана Жоғарғы Кеңесте шешілген көптеген мәселе енді Президенттің қатысуымен немесе ұсынысы бойынша қаралды. Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың қызметі оларды сайлаған Жоғарғы Кеңесте ғана емес, Президент тарапынан да бақыланды.
Бірақ КСРО құрамындағы одақтас республика ретінде Қазақстанның саяси-құқықтық мәртебесі сақталды. Бұл ретте 1977 жылғы КСРО Конституциясы мен 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы республиканы егеменді мемлекет деп белгілегенімен, бұл іс жүзінде ешқашан болмаған еді. Барлық ішкі мәселелер одақтық органдармен және партия комитеттерімен нұсқау немесе келісім бойынша шешілді. Мемлекеттің басты белгісі, оны басқа саяси ұйымдардан принципті түрде ерекшелейтін – егемендік конституциялық түрде сөз жүзінде жарияланды және одақтас республикаларға берілмеді.
Осыдан «республикадағы басқару органдарының жиынтығын мемлекет деп атауға бола ма?» деген сұрақ туындайды. Нақты айтқанда, бұл сол кездегі құдіретті КОКП-ның атқарушы және күш құрылымы деуге болады.
Сондықтан 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басы барлық Кеңес республикалары өздерінің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдай бастаған кездері «егемендік шеруі» ретінде тарихта қалды. 1990 жылдың 25 қазанында Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдаған Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ.
Декларация жобасын талқылау кезінде пікірталасқа қатысушылардың пікірлері бөлінді. Кейбіреулер Қазақстан өзінің егемендігі туралы мәлімдеген басқа одақтас республикалардан артта қалғанын негіздеп, оны тез арада қабылдау қажеттігін қолдады.
Негізінен заңгер-ғалымдардан тұратын келесі топ, соның ішінде осы жолдардың авторы да Мемлекеттік тәуелсіздік туралы декларацияны қабылдауға қарсылық танытпай, бірақ жобаның мазмұны сәтсіз деп таныды. Олардың пікірінше, бұл маңызды саяси құжат жаңа, бірақ әлі құрылмаған Федерация – Егеменді Республикалар Одағы құрамындағы Қазақстанның болашағына бағытталғанын ескертті.
Сонымен қатар сол кезде әлі қол қойылмаған Одақтық шарт шеңберімен шектелетіндігі, республиканың егемендік құқығын қорғау республиканың мемлекеттік органдарына жүктелгенін көрсетті. Жобаның осы және басқа да ережелерін бір топ ғалымдар мәтінді қайта жазуды немесе онымен бірге мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң жобасын дайындауды ұсынды. Бірақ көпшілік дауыспен бұл ұсыныс қабылданбады және кемшіліктері бар Декларация қабылданды.
Бұл құжаттың өмірі қысқа болатынын болжай отырып, 1991 жылдың тамызына қарай біз, заң ғылымдарының кандидаты Т.С.Донақов – қазіргі Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы және мен, сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институты директорының орынбасары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң жобасын дайындауға қатытық. Бірақ Жоғарғы Кеңестің депутаты С.Сартаевтың барлық күш-жігеріне қарамастан Жоғарғы Кеңес заң жобасын қарауға қабылдамады. Тек 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы» тағдыршешті Конституциялық Заңды қабылдады. Сол күні қазақ халқының өз мемлекеттілігін жаңғырту туралы көпғасырлық арманы орындалды.
Бұл заңмен қазақ тарихындағы жаңа дәуір басталды. Осы заңның рухы, идеясы, құқықтық ережелері 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға негізі болды және осы заңның арқасында оның саяси, гуманитарлық мәні мен жасампаздық әлеуеті сақталуда.
Еркеш НҰРПЕЙІСОВ,
Мемлекет тарихы институының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент