• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Желтоқсан, 2019

«Егеменнен» 20 жас кіші...

245 рет
көрсетілді

Белгілі балалар ақыны, ардагер журналист Әли Ысқабай биыл сексен жастың сеңгіріне шықты.

Жетісудың бір өзені – Іленің Балқаш көліне құятын тұсында кіндік қаны тамған Әли ақсақал алғашқы өлеңін бала жасында жазыпты. Табиғат, ана мейірімі, көз сүйіндіретін көркем көріністердің барлығы бала ақынның қиялын  ұштап, шығармашылығына қанат бітірген. Балғын шақтан басталған жыр ағыны Әли Ысқабайдың тұтас ғұмырына арқау болып, балаларға арналған туындылар жазуға жетелеп келеді.

Қазір ақынның қаламынан туған «Айдостың арғымағы», «Менің інім», «Солдат ағаға хат», «Бесік жыры», «Еңбекқор құмырысқа» жыр жинақтары қазақ балалар әдебиетіне қосылған орасан олжа болып саналады. Мектеп оқулықтарының дерлігінде автордың балаларға арналған өлеңдері кірген. Ақсақал ел аузындағы мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды жинап, дәйекті сөздің ізімен өзі де нақыл жырдың маржанын теріп келеді. Бала  талғамына  татитын «777 жұмбақ», «Тіл мен жыр» атты жинақтары ел оқырмандарына етене таныс.

Аға әріптесіміз – «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері. Еңбек жолын өзі туып, өскен Құйған ауылында қатардағы жұмысшы болып бастаған ол 1958 жылы Балқаш аудандық газетіне әдеби қызметкерлікке қабылданған екен. Бұл Әли Әпекұлының журналистикадағы алғашқы қадамы еді. Артынша, журналистік білім алып жүрген тұста орталық баспасөзге жиі жариялана бастады. Көбіне жазған-сызғандарын сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне апаратын. 1973 жылы Маңғышылақ облысы құрылды да, бас газет редакциясы жаңа аймақтағы меншікті тілші іздеп жатты. Редакцияның таңдауы қаламы қарымды Әлі Ысқабайға түскен. Тілші куәлігін қолына алған күні-ақ  қазіргі Ақтау, бұрынғы Форт-Шевченко қаласына тартып кеткен.

- Жаңа облыста жұмыс қызып жатты. Мұнай өндіру ісі күн санап артып келеді. Құрылыс та қызып берді. Ол кезде «Социалистік Қазақстанның» меншікі тілшісі партия мен совет органының ең беделді өкілінен де жоғары тұратын. Бірден баспана берді, қызметтік көлікке отырғызды. Еңбек көрігі қызған өлкеден күн құрғатпай ақпарат беріп тұрдым. Ауыз су, жол мәселесіне қатысты тұрғындар жиі шағымданатын еді. Мейлінше, редакция басшылығының тапсырмасымен қазақы аудандардың проблемасын жиі жазып отырдым. Екі жылға жуық қызметімде жергілікті тұрғындардан тек алғыс естідім. Кейін Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетіне бас редактордың орынбасары болып қызметке шақырылдым да, үш қиян жұртымен қимай қоштасып, елге оралдым, - дейді Әли ақсақал.

Сексен жасқа толған ақын, журналист әлі тың. Аймақтағы қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Жақында бір кезде өзі қызмет еткен бас басылымның мерейтойына орай өткен жиында «Egemen Qazaqstan» газетіне – 100 жыл» арнайы медалімен марапатталды.