Қаһармандарымызды еске алуға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қоғам қайраткерлері, дін өкілдері, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен олардың туысқандары қатысты.
Желтоқсан КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болғаны сөзсіз. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматы қызметкерлеріне көмекке милиция қызметкерлері: Фрунзеден 100, Ташкенттен 300, Челябіден 203, Новосибирскіден 203, Свердловскіден 225, Тбилисиден 450 адам тартылған. Манаш Қозыбаев 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін сырлы құбылыс деп бағаласа, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» — деп бағалайды. Желтоқсан көтерілісін қорытып, қайта бағалауда бізде туындап отырған негізгі қиыншылық — «Желтоқсан оқиғасының» іргелі ғылыми деңгейде зерттелмей отырғандығы.
1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» СССР жетекшілігіне Михаил Горбачев тағайындалып, Мәскеу «қайта құру» мен «жариялылық» саясатын ұстана бастаған кезеңдегі одақ көлемінде болған алғашқы саяси демонстрациялардың бірі ретінде тарихта қалды.