• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Желтоқсан, 2019

Қызылордада жауынгерлер рухына тағзым жасалды

157 рет
көрсетілді

Қызылордадағы «Славяне» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлер жерленген бауырластар зиратында митинг болып өтті. Оған «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Каюпов пен И.В. Панфилов атындағы №5 мектеп лицейінің директоры Алтын Ізбасова, этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері, қалалық әскери комиссариат өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауған жауынгерлері, қала жастары қатысты.

Бірлестік жетекшісі Галина Щербакова шараның маңызы туралы айтып өтті.

- Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі келер жылы атап өтілетін Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында Отан үшін жанын қиған жауынгерлер рухына арналған «Еске алу жолы» жобасын бастады. Жоба аясында Ресей Федерациясындағы «Патриот» мемориалдық кешеніне майданда қаза тапқан солдаттар жерленген зираттардан жиналған топырақ салтанатты түрде табысталады. Осыған орай Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулдығы бастамасымен бауырластар зиратына жиналып тұрмыз, - деді.

Митинг аясында №5 мектеп лицейінің оқушылары шағын әдеби-музыкалық қойылым қойып, ел қорғаған аталарының рухына құрмет танытты. Кеңес Одағының Батыры И.В. Панфилов есімін иеленген бұл оқу ордасы ынтымақ пен бірлікті насихаттау бағытында «Славяне» орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Осы жылы мектеп басшылығы Ресей күнін мерекелеуге байланысты Алматының Бас консулдығындағы салтанатты қабылдауға да шақырылды.

Бауырластар зиратынан алынған топырақ арнайы рейспен Мәскеуге жөнелтілетін болады.