• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Желтоқсан, 2019

Кассалық аппарат кірісті көбейте ме, әлде...

1107 рет
көрсетілді

Жұртты жұмыстың алуан түрлі сегментімен қамтып отырған сала – саудаға қатысты салмақты мәселелер жуырда Алматыда қайта қозғалды. Мегаполисте бизнес жүргізудің жай-күйі шағын және орта бизнес өкілдерінің басқосуында талқыланды.

Осы жиында айтылғандай, сауда секторындағы ендігі дау дүкен­дердегі кассадан туатыны аң­ға­рылып қалды.  Бұл бірнеше жыл­дан бері көтеріліп келе жат­қан, пісіп-жетілген мәселе екені белгілі. Кассалық аппараттарды ауыстыру туралы әңгіме  2016 жылы басталған-ды. Қаржы министр­лігінің «Қазақстан Республикасы аумағында салық төлеушілер есеп айырысу кезінде тіркеу немесе мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын қызмет түрлерін бекіту» туралы №206 бұйрығы да сол жылы жарияланды. Бұл құжат салық органдары белгілеген 10 қызмет түрін көрсетумен айналысатын кәсіпкерлерге бұрынғы кассалық аппаратын қазіргі онлайн кассалық аппаратқа ауыстыруды міндеттейді. Бірақ кәсіпкерлермен арадағы ұзақ келіссөздерден кейін тапсырма кезең-кезеңімен орындалады деп мәмілеге келген еді.

Үкіметтің байламы бойынша, бақылау кассасын енгізу қолма-қол есеп айырысуды нақты уақыт режімінде қашықтан бақылауды қамтамасыз ететін көрінеді. Салық қызметкерлері есеп беру мерзімін күтпей-ақ, кәсіпкердің табысы мен ол декларациялайтын кірісті үне­мі салыстырып отырады. Деректерді жіберу функциясы бар кассалық бақы­лау машиналарын (КБМ) енгізу арқылы кәсіпкерлердің кірісін азайтып көрсету немесе жасырып қалуының алдын алып, қазынаға түсетін салықтың көле­мін арттыруға болады. Дәл осындай кас­са­лық аппараттарды орнатудың нәтижесінде 2018 жылы бюджетке қосымша 14,1 млрд теңге түсіпті.

Арада үш жыл өткенде Үкімет бұл мәселеге қайта оралып, 2020 жыл­дан бастап жаңалықты жалпыға бір­дей міндеттеуге шешім қабылдап отыр. 2019 жылы 16 тамыз күні Қар­жы министрлігінің «Қазақстан Респуб­ли­касы аумағында салық төлеушілер есеп айырысу кезінде тіркеу немесе мәлі­меттерді беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын қызмет түрлерін бекіту» туралы №206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сөйтіп келер жылдан бастап үш деңгейлі бақылау аппараттары іске қосылатын болды. Онлайн кас­салық аппараты операцияларды сол мезетте Қаржы министрлігінің Мем­лекет­тік кіріс комитетіндегі серверге жеткізіп отырады. Енді кәсіпкерге бақы­лау-кассалық аппаратын пайдалану­дан өзге жол жоқ. 2020 жылдан кейін бақылау-кассалық аппаратын сатып алып, оны мемлекеттік кірістер органдарына тіркемеген кәсіпкерге 7-25 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлер болса, бұл бұйрықты орындауға ШОБ немесе ұсақ дүкен иелері дайын еместігін айтып, тағы да ес жиып алу үшін өтпелі кезең сұрап отыр.

Бастамашыл топ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, барлық кәсіпкерлерге кассалық аппараттарды жаңасына ауыстыру, POS-терминалдар орнату қажеттілігіне байланысты заң­наманы жемқорлыққа қатысты тексеру­ді өтініп отыр. «Кәсіпкерлер жаңа бақы­лау-кассалық машиналар мен POS-тер­миналдардың құны үшін 39 мил­лиард теңге, патент қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің қысқаруымен кәсіп­керлерге салынатын салық жүктемесі 29 пайызға артады» делінген кәсіпкерлер Мемлекет басшысы атына жазған ашық хатта.

«Бухгалтерлік есеп» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Ба­рышев осы мәселеге қатысты бізбен әңгі­месінде мұндай жағдайда қолайлы салық режімімен қамтамасыз ету туралы әңгіме қозғаудың өзі мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, патенттен бас тартуға әлі ерте, ал кәсіпкерлерге өтпелі кезең қажет.

«Біз қолданыстағы салық жүйесін қазіргі күйінде қалдыра тұру, оларды онлайн режімдегі KKM және POS-терминалдарын пайдалану қажеттігінен босату, 2023 жылға қарай шағын бизнес және сауда кәсіпкерлеріне арналған арнайы режімдер туралы заңнаманы әзірлеуді сұраймыз» дейді М.Барышев.

Қазір кәсіпкерлер арасында онлайн-кассалық машиналар мен POS-тер­миналдарға көшу туралы ереже бюд­жетті толтыру үшін енгізілді, ол азамат­тардың мүддесін емес, белгілі бір ком­паниялардың мүддесін қорғайды деген пікір жиі айтылып жүр. Сауда кәсіп­орындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішевтің сөзіне қарағанда, бұлай ойлауға негіз бар.

«Бұл өзгертулердің мақсаты – кас­салық машиналар мен POS-терминал­дарды мүмкіндігінше көп сату. Бірақ біз үлкен бизнес туралы емес, шағын бизнес туралы айтып отырмыз. Бәсекелестік күшейіп келеді. Олардың қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндігі жоқ» дейді Н.Әбішев.

Шағын кәсіп иелері бөлшек саудада патентті пайдалану мүмкіндігін уақытша болса да сақтап қалғысы келеді. Олар көптен бері көтеріліп жүрген оңтайландырылған салық тәртібін енгізу бұл салада табыс тауып, отбасын асырап отырған сегмент үшін ауыр тиеді дегеннен танбай отыр.

«Қазақстанның тікелей сауда-саттық қауымдастығы» атқарушы директоры Анастасия Калашникованың айтуынша, сауда сегментіне 1 млн 385 мың адам тартылған. Бұл халықтың 16%-ы. Олардың ауқымын инстаграм желісі арқылы торт сататын қыздардан бастап елдің сауда үйлеріндегі люкс бутик­терінің иелеріне дейінгі кәсіпкерлер құрап отыр.

Қазақстанның тікелей сауда қауым­дас­тығының атқарушы директоры Анастасия Калашникова «Саудада жүрген бизнес өкілдері үшін барлығына бірдей жаңа кассалық аппараттар сатып алғызу салықтан табыс түсімдерін арттыру үшін емес, жеке біреудің қалтасы үшін жасалып отырғандай әсер қалдырады» деген пікірде. Оның айтуынша, жыл сайын бизнес құрылымына кассалық аппараттар сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізіледі. «Шағын саудада жүрген кәсіпкердің орташа жылдық табысы – 8 млн теңге. Оны 12 айға шаққанда 700 мың теңгеден шығады. Оның ішінен ай сайынғы салықтық ауыртпалықтар мен өзге де мемлекеттік шығындарды есептегенде, таза пайдасы 170 мың теңгеден аспайды. Біз мұндай сауалдаманы 2 мың шағын кәсіпкердің арасында жүргіздік», дейді А.Калашникова.

Осыған дейін мемлекет жеке кәсіп­керлердің жаңа онлайн-бақы­лау-кас­салық машиналары үшін шығындарын өтейтінін хабарлаған болатын. Бұл ұсыныс әлі күшінде. Тиісті түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына енгізіліп, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл құжат бойынша белгілі бір мерзімде салық мөлшері кем дегенде 60 мың теңге шамасында болса, онда осы сомадан кассалық аппараттың құны шегеріліп отырады. Үкіметтің экономикалық блогы кассалық аппаратты сатып алу үшін 60 мың теңге көлемінде өтемақы енгізуді жоспарлап отыр.

Республикалық кәсіпкерлерге көмек көр­сету орталығының директоры Дми­трий Казанцев бізбен әңгімесінде өтем­ақы шарттарының қалыпты және заң шеңберінде жүзеге асатынын, табыс салығы есебінен касса аппаратының құнын шығарып беретінін айтты. Айта кетейік, мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйені «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алды. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режімде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыру, яғни заңсыз ақша айналымының алдын алу.

Сарапшылар цифрлы технологияның мүмкіндігі қарқынды дамып жатқанын ескере отырып, болашақта онлайн-кассалық аппараттардың да, дүкендегі сату­шының да керегі болмай қалуы мүм­кін екенін ескертеді. 2019 жылдың қаңтар айында атақты Amazon компаниясы сатушысы, кассалық аппараты жоқ дүкендер желісін іске қосқаны осының бір мысалы ғана. Бұған дейін компания қызметкерлері аталған жүйені қанатқақты режімде талай рет сынақтан өткізген-ді.

Елімізде 30 мыңға жуық компания жаңа кассаға көшуі керек. Осы жоспар орындалса, қазынаға салықтан түсетін қаржы он есеге дейін артуы мүмкін. Ал ережені бұзғандарға айыппұл салынады. Үкімет әзірге ешкімді жазалаған жоқ. Жыл соңына дейін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан кәсіпкерлердің онлайн кассаға толықтай ауысуына әлі уақыт бар.

 

АЛМАТЫ