Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қатаң сақталатындығын көрсетеді. Дегенмен кей жағдайларда соттың шығарған шешімдерін сот орындаушысы заңнамада көрсетілген мерзімде орындай алмайды. Сот шешімі шыққанмен, ол орындалмайынша азаматтың немесе заңды тұлғаның құқықтары қалпына келтірілді, әділдік орнатылды деп айта алмаймыз. Осы орайда сот шешімдерінің сапасын арттыру қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткен болатын.
«Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие. Дегенмен сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет. Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет», делінген Президент Жолдауында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс екенін де ескертті. Бұл орайда тиісті органдар қандай жұмыстар атқаруда? Сот шешімдерінің сапасы мен орындалуына, жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысты тиісті орындармен хабарласып, бірқатар мәліметтер алу барысында осы сұраққа жауап іздеген едік.
Түркістан облыстық сотының төрағасы Т.Баратбековтің өкімімен сот алқалары судьяларының, аудандық және оған теңестірілген соттар судьяларының сот актілері сапасын тексеру мақсатында жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ Президент Жолдауында көтерілген сот шешімінің түсініксіздігі жөніндегі мәселеге қатысты бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында, Қазақстан Республикасы соттарының сот актілерін рәсімдеу жөніндегі әдістемелік ұсынымға сәйкес, облыс соттары судьяларының өндірісінде қаралып аяқталған істер бойынша қабылдаған сот актілерінің сапасына тексеру жүргізуге тапсырма беріліпті. Осы арада айта кетелік, облыстық сот мәліметтеріне қарағанда, сот актілерінің түсінікті жазылуы мен олардың орындалуына көңіл аударылатын «Сапалы нәтиже» жобасы аясында осы жылдың 10 айында азаматтық істер бойынша барлығы 18 880 сот актісі шығарылып, олардың 10 515-і бойынша шешім, қылмыстық істер бойынша барлығы 1978 сот актісі шығарылып, олардың 1553-і бойынша үкім, ал әкімшілік істер бойынша барлығы 20509 қаулы шыққан. 12 195 азаматтық, 1312 қылмыстық және 21678 әкімшілік істер бойынша сот актілері жаңа форматта шығарылған. 7440 азаматтық, 1630 қылмыстық, 20 187 әкімшілік іске қатысты шешімдер мен үкімдерге түсініктеме берілген.
Соттардың мәртебесін көтеретін жобалар шеңберінде де ауқымды істер атқарылуда. Мысалы, Жетісай, Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш аудандық соттарында биылғы сәуір-мамыр айларында құрылып, іске асырыла бастаған «Түнгі сот» жобасына сәйкес 2547 істің 50-і виртуалды түрде қаралған. Ал өңірдегі 6 аудан-қалада іске асырылып отырған «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы шеңберінде қаралған 1925 істің 308-і медиация тәртібімен, 8 іс партисипативтік рәсім тәртібімен шешілген және 50 іс бітімгершілікпен аяқталған. Медиация қызметімен тікелей байланысты «Татуласу сотқа дейін, сотта» жобасы аясында облыста 151 татуластыру кабинеті, 7 татуластыру орталығы ашылған және осы бағытта облыстық, аудандық соттарда 20 татуластырушы судья қызмет атқаруда. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 14 755 іс медиативтік тәртіппен аяқталған. Олардың 165-і бітімгершілікпен, 938-і медиация тәртібімен, ал 65 іс партисипативтік рәсім тәртібімен аяқталыпты. Сондай-ақ электронды жүйелерді кеңінен қолданып, қағаз айналымын барынша азайтуды көздейтін «Е-сот» жобасы аясында облыстағы 60 ауылдық округтерде, учаскелік тірек пункттерінде «виртуалды кабинеттер» орнатылған. Жалпы, осы қанатқақты жоба іске асырыла бастағалы, облыс соттары 396 істі жергілікті соттар мен ауылдық округтердегі «виртуалды кабинеттермен» бейне-конференцбайланыс арқылы, ал 755 істі азаматтардың смартфондарына орнатылған арнайы бағдарлама көмегімен, яғни сотқа қатысушының мобильдік телефонына бейнебайланысқа шыға отырып қараған.
Ал Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда облыс бойынша 10 мемлекеттік сот орындаушы және 100 жеке сот орындаушы жұмыс істеуде. Олардың орындауында 171 679 атқару құжаты бар. Оның ішінде мемлекеттік сот орындаушыларында – 1 291, ал жеке сот орындаушыларында 170 388 атқару құжаты орындауда болған. Жыл басынан келіп түскен атқару құжаттарының ішінен 52751-і (30,7%) аяқталған, 32833 (62,2%) атқару құжаты нақты орындалған. Департамент мәліметтеріне қарағанда, алимент өндіру санаты бойынша 3989 атқару құжаты аяқталған, 15 666 атқару құжаты орындалу үстінде. Жалпы 433 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Борышкердің қылмыстық жауапкершілігін қарау үшін ішкі істер органдарына сот орындаушыларымен 110 ұсыныс жолданыпты. Борышкерлердің мүлкін тәркілеу бойынша жалпы орындауда – 56 атқарушылық өндірісі болған, оның ішінен аяқталғаны – 48 құжат (85,7%). Мемлекет пайдасына өндірілген атқарушылық санкция бойынша 7 611 810 теңге өндірілген. Мәліметтерге жүгінсек, мемлекет пайдасына сома өндіру санаты бойынша жалпы орындау көрсеткіші 51%-ды, ал нақты орындау көрсеткіші 26,7%-ы құраған. Нақты орындау көрсеткіші төмен болу себебі борышкерлердің дүние мүліктері болмауынан екен. «Борышкерді сот актісін орындату шараларының бірі – «атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 34 бабына сәйкес лицензияларды, рұқсаттарды және құқықтарды беру және оларды қолданылуы саласындағы уақытша шектеулер қою болып табылады, сол тұрғыда шыққан ұйғарымдар қазіргі уақытта, яғни борышкерлердің жүргізушілік куәліктері сот шешімі орындалғанға дейін тоқтатылмауда. Облыс аумағында борышкерлердің жүргізуші куәліктері қазіргі уақытта уақытша тоқтатылған, алайда жүргізушілік куәліктерін алып қою Полиция департаментінің құзырында. Ал куәлікті алып қою механизмі әлі күнге дейін бір жүйеге қойылмаған. Осы механизмді бір жолға қою керек деп санаймын. Борышкерлердің сот актісінде немесе тіркеуде тұрған мекенжайында болмаған жағдайда, сот орындаушысымен борышкерге іздеу жариялау жөнінде ұсыныс сотқа жолданады. Облыстың миграция бөлімдерімен қазіргі уақытта борышкерлерге іздеу ісі арналмай қысқартылып жатыр. Бұл да өзекті мәселелердің бірі», дейді Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев.
Әділет департаментінің және облыстық жеке сот орындаушыларының жұмыстарын оңтайландыру мақсатында үшжақты меморандум түзіліп, онда Әділет министрі және Жеке сот орындаушылар республикалық палатасы, Түркістан облысы әкімі үшжақты қол қойылып ауқымды жұмыс атқару көзделуде. Департамент басшысының айтуынша, апта сайын видеоконференцбайланыс арқылы барлық ауданның жеке сот орындаушыларымен жиналыс өткізіліп, құжаттардың орындалу барысы бақылауға алынған. Жалпы, «әділдік» сөзінің синонимі «заңдылық» деп есептейтін сала мамандары әділ шешімнің сот абыройын көтеретінін және барлық жұмыстар азаматтардың құқықтарын қорғап, қауіпсіздігін күшейту бағытында атқарылып жатқанын айтуда.
Түркістан облысы