Даму мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін №2 арнайы мектеп-интернатында сегіз қырлы, бір сырлы жерлесіміз Виктор Денисенконың шығармашылық кеші өтті.
Бір бойына сан қырлы өнерді тоғыстырған дарынды жанды туған жер тақырыбы көбірек толғандырады. Оның сыршыл сезімге толы лирикалық өлеңдері мен әндерін тыңдаушылар әркез жылы қабылдайды. Саламатты өмір салтын серік еткен ол –джиу-джитсу бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдо, самбо, қоян-қолтық ұрыстан жоғары санатты ұлттық төреші.
Ағарту ісінің үздігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып көп жыл бойы жемісті еңбек етті. Соңғы жылдары полиция қызметкерлері үшін қоян-қолтық ұрыс бойынша нұсқаушы болып жұмыс істеді. Қазір жас спортшыларды жаттықтырумен айналысады. Өнегелі ұстаз самбо және қазақша күрестен көптеген спорт шеберлерін дайындады. Оның Сергей Горлов, Виктор Грудинин, Олег Александров, Роман Джантлеев сынды шәкірттері Қазақстан, Азия, Еуропаның бірнеше дүркін чемпиондары атанды.
«Бос уақыттарда музыкамен, өлең шығарумен, сурет салумен, бильярд ойнаумен шұғылданамын», дейді Виктор Денисенко.
Жиын соңында ақынның «Қазақстан» атты өлеңінің желісі аясында түсірілген бейнеролик ұсынылды.
Солтүстік Қазақстан облысы