• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Желтоқсан, 2019

«Жайылымдарды суғару» бағдарламасы бойынша Аягөз алда келеді

622 рет
көрсетілді

Аягөздің жері кең, халықтың дені ата кәсіппен шұғылданады.

Аягөз – облыстағы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған аудандардың бірі. Биыл аудандағы 8 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қаржы институттарынан 4 пайызбен 396 млн. 200 мың теңге несие алып, шет елден 672 бас асыл тұқымды ірі қара сатып әкеліпті. Сонымен қатар 48 шаруа қожалығы 481 млн. 770 мың теңгеге 33 трактор, 1 комбайн және 66 өзге де техникаға қол жеткізіпті. Әсіресе ауданда құдық қаздыру, жайылымдарды суғару жұмыстары жанданыпты. Бұл туралы Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Семейде өткен брифингте айтты. «Бұрындары ауыл шаруашылығына дем беру үшін мемлекет тарапынан жайылымдарды суғару, шаруа қожалықтарына құдық қазып беру сынды жұмыстар жүргізілетін. Кейіннен бұл бағдарлама тоқтап қалды. Еліміз тәуелсіздік алған соң осы ған ұқсас бағдарлама қайта жаңғырды. Қазір жасыл энергетиканың қуатын пайдаланып, шалғайдағы шаруа қожалықтарын суландыру жұмыстары жүргізілуде. Ауданымызда да бұл жұмыс қарқынды түрде жүзеге асуда. Бүгінде ауданда 195 шаруа қожалығы өздерінің жайылымдық жерлерінен 174 құдық қаздыртып,  «Жайылымдарды суғару» бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан  216 млн. 400 мың теңге қайтарымсыз қаржы (субсидия) алды. Сонымен қатар, жайылымдық жерлерінде құдығы бар шаруа құрылымдары 517 күн сәулесі панельдерін орнатты. Күн сәулесі панельдерінің шығындарының 80 процентін мемлекет қайтарымсыз қаржы (субсидия) арқылы қайтарып беруде. «Жайылымдарды суғару» бағдарламасы бойынша ауданымыз республика көлемінде алдыңғы қатарда» дейді аудан әкімі.

Аягөз ауданы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 347 млн. теңге несие алуды жоспарлап, бұл көрсеткішті 114,1 пайызбен асыра орындапты. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 120 миллион теңге несие алуды межелеп, бұл көрсеткішті 250 миллион теңгеге жеткізіп, екі есе арттырыпты. «Аягөз ауданына келгенде әр салаға сараптама жасадым. Аягөздің жері кең, халықтың дені ата кәсіппен шұғылданады. Мемлекеттің ұсынып отырған әртүрлі бағдарламалары бар. Әсіресе, мал басын көбейтемін дегендерге мүмкіндік көп. Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылдың 12 айында 1 млрд 722 млн 600 мың теңге алынған екен. Мен бұл сандарды көбейтуді тапсырған болатынмын. Себебі, оның ар жағында халықтың мүддесі жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Биыл 10 айдың ішінде осы бағдарлама бойынша ауданға  3 млрд. 030 млн. 804 мың теңге инвестиция тартылды. Яғни, екі есеге көп. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш әлі де жақсарады» дейді Д.Оразбаев.

 Шығыс Қазақстан облысы