Қала әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға 241 отбасы қоныс аударған. Қоныс аударушыларға жалдамалы пәтерлер беріліп, балалары мектепте білім алуда, ал кішкентайлары балабақшада тәрбиеленуде.
Екібастұзға барған жолсапар барысында «Еркем-ай» балабақшасында болдық. Бұрын жекенің қолында болған нысан мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Нысанға жергілікті «Гидропром» ЖШС бюджеттен бөлінген 318 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Маусым айында ашылған «Еркем-айда» Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген көп балалы отбасылардың 22 баласы тәрбиеленуде. Көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан бұл балалар үшін балабақша тегін, ақылы үйірмелерге де тегін қатысады.
Балабақша меңгерушісі Інжу Болатханқызының айтуынша, балалардың барлығы бейімделуден жақсы өтті, түрлі сайыстар мен көрмелерге белсене қатысады. Балабақшада 6 топқа бөлінген 150 бала тәрбиеленуде.
Мысалы, қоныс аударушылардың бірі Несіпбековтердің қыздары Гүлдана, Ғайни «Болашақ» ересектер тобына барады, өте алғыр, мәнерлеп өлең оқығанды ұнатады. Аналары Гүлнұр Әшімбайқызы «Өмір» оңалту орталығында қызметке тұрыпты. Арайлым, Айзере, Еркенің әкелері – Есболат Саматұлы, ал Аруна 6 балалы отбасының кенжесі. Анасы Ақмарал дүкенге сатушы болып орналасыпты.
Қуанышты сәтті асыға күтіп жүрген Ибаділдіновтер отбасының Әйкерім, Нармин, Аяулым есімді үшемдері алғашқы күні-ақ балабақшаға қабылданыпты. Ал «Айгөлек» тобында қазақ балаларымен бірге Мирон, Михаил, Аделина, Никита, Петр, Анфиса сияқты балалар келуде. Кішкентай Миронның анасы Олеся Александровна үй шаруасында, әкесі Виктор Мовчан автомеханик болып жұмыс істейді. Ата-анасы Миронның қазақ тілін үйренуін құптап, балаларының жаңашыл «Мега интеллектум» жобасында үйренгендерін қалаған екен.
Қалған отбасылары да балабақшаның ерекшелігін естіп, жаңа жобаның қажеттігін түсініп, қазақ тілін үйренуде.
Балабақшаның ерекшелігі, облыстық «Ойна» зияткерлік орталығымен бірлесіп, кішкентайлардың интеллектуалдық дамуын қамтамасыз ететін бағдарламамен жұмыс істейді. Болашақта балабақша олимпиада, электронды тестілеу өткізу орнына айналмақ. «Мега интеллектум» жобасы бойынша балдырғандар құрылыс конструкторлары, магнитті лего арқылы кеңістікте түрлі ойындар құрастыра білуді, түстерді ажыратуды, санауды меңгереді. Мысалы, 3-5 жас аралығындағы балалар әлемдік жетекші ойындардан жиналған «Интеллектум» кабинетіндегі зияткерлік бағыттағы ойындар, тестілеу тапсырмаларын, олимпиадалық жаттығуларды меңгереді. Ал 5-6 жастағы балалар алған білімдерін «Роботтехника» жобасымен қорытындылайды.
Балабақшаның Қамқоршылық кеңесі балалардың тамақтануын қадағалайды. Барлық дәрумендер қажетті деңгейде беріледі. Ата-аналар тарапынан шағым болған жоқ. Ата-аналармен бірлесе отырып, тақырыптық суреттер көрмесі ұйымдастырылды, мерекелік ертеңгіліктер өткізілді. Балалар «Еркем-ай» әуенін оркестрде орындап, ұлттық ойындарды қызыға ойнады.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы