Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының бірінші кезеңінің аяқталуына бір тур қалғанда жүлдеге таласатын үздік алты клуб пен аутсайдер алты команда анықталды.
Ол жексенбі күні өткен турдың нәтижесімен белгілі болды. Енді Премьер-лиганың екінші кезеңінде «Ақтөбе», «Астана», «Шахтер», «Ертіс», «Ордабасы» және «Қайрат» жүлделі орындарға таласса, «Тобыл», «Атырау», «Жетісу», «Восток», «Тараз» және «Ақжайық» келесі маусымда Премьер-лигадағы өз орнын сақтап қалу үшін күш сынасатын болады.
Соңғы турда Алматының «Қайраты» өз алаңында Павлодардың «Ертіс» командасын 3:2 есебімен ұтып, 30 ұпаймен үздік алтылықтың қатарына қосылса, өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» клубын 3:1 есебімен жеңген Қостанайдың «Тобылы» 27 ұпаймен жетінші орында қалып қойды.
Турдың басқа ойындары мынадай есеппен аяқталды: «Тараз» – «Астана» 0:0, «Атырау» – «Ақжайық» (Орал) 1:0, «Восток» (Өскемен) – «Шахтер» (Қарағанды) 0:0, «Ордабасы» (Шымкент) – «Ақтөбе» 0:1.
Осы турда «Тобылдың» шабуылшысы Нұрбол Жұмасқалиев (суретте оң жақта) «Жетісудың» қақпасына ойынның 88-минутында Қазақстан чемпионатындағы 148 голын соғып, ел біріншілігінің тарихындағы үздік сұрмерген атанды. Сөйтіп, Олег Литвиненконың рекордын жаңартты.