Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізілген Президенттік жастар кадр резервінің қорытындысы жарияланды. Осыған байланысты Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген М.Әшімбаев кадр резервін анықтаудың маңызына тоқталып, мақсаты мен міндетін атап көрсетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттік кадр резервін жасақтау. Мұны алғаш рет сайлауалды бағдарламасында жариялаған болатын. Президент тапсырмасына сәйкес бірнеше ай бойы ауқымды жұмыс атқарылды. Сараптамалық комиссия ұсынған кандидаттар қаралып, 300 қазақстандық жас іріктеліп алынды», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
М.Әшімбаевтың сөзіне қарағанда, резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалады. Мұндағы басты мақсат – білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік лифтінің ұтымды жүйесін құру.
«Бұл резерв мемлекеттік қызмет саласын жаңартуға, озық ойлы жас көшбасшыларды жұмылдыруға және жастарды ынталандыруға мүмкіндік береді. Бірақ мұны жоғары лауазымға ұсынылатын топ деп қарауға болмайды. Бұл жоба жастарды халыққа шын ниетімен қызмет етуге ынталандыруы тиіс», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
М.Әшімбаев аталған жоба бір күндік бастама емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздегі басқару жүйесін жаңғыртудың нақты тетігі және ұзақмерзімді саясат.
«Іріктеуден өткендер жауапты қызметтерге тағайындалады. Бұл жоба кейін де жалғасады. Басқа да жастар кадрлық резервке енеді. Жалпы, Президент бұл жұмысты жалғастыру туралы нақты тапсырма берді», деді ол.
Жобаға 300 адам ғана іріктелсе де, тізімге енбей қалған жастар назардан тыс қалмайды. Олар келесі іріктеуде қайтадан құжат тапсыра алады. Қазіргі жеңімпаздар резервте 5 жыл болады. «Жастар өсіп келеді. Жаңару процесі жүреді. Сол себепті іріктеу ерте өтуі мүмкін. Оның нақты уақыты, жиілігі ұлттық комиссияның отырысында шешіледі. Әзірге 300 жасты дамыту, құзыретін арттыру жұмыстары күтіп тұр», деді М.Әшімбаев.
Жиын барысында Президенттік жастар кадр резервіне іріктелгендердің келешегі туралы да сөз болды.
«Жалпы, үміткердің бәрі бірден тағайындалмайтынын ескеру керек. Жақын арада Президенттік жастар кадр резервіне қатысушылар мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда әртүрлі позицияда жұмыс істей бастайды. Қатысушылардың кейбірі карьерасын жеке секторда жалғастыруды көздеуі мүмкін. Бұл – олардың құқығы. Ол салаға да жақсы мамандар қажет», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ ол жұмысқа орналасу механизмі қалай жүзеге асатынын да әңгімелеп берді. Біріншіден, жарияланған тізім мен соған сәйкес құжаттар әкімдерге, министрлерге, мемлекеттік орган басшыларына жіберіледі. Олар тізімді қарап, жас мамандарды өздеріне жұмысқа шақырады.
«Екіншіден, Президент Әкімшілігі өз құзыреті шегінде кей мекемелерге тиісті мамандарды ұсынады. Үшіншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резерві бойынша шешім қабылдап, жауапты мемлекеттік позицияға тағайындауы мүмкін. Осы бағыттар бойынша жұмыс келесі жылдан басталады. Оны Президент Әкімшілігі бақылайды», деді Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А.Жайылғанова өз сөзінде іріктеу жұмыстары қалай жүргізілгені, кадрлық резервке өтініш бергендер туралы айтып берді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында агенттіктің алдына Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндеті қойылды. Бүгін біз Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің аяқталғанын қуанышпен хабарлаймыз», деді А.Жайылғанова.
Президент бастамасына алғашында 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірген. Қатысушыларға отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылды.
«Жеңімпаздар арасында жеке сектордың – 106 өкілі, квазимемлекеттік сектордың – 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметкер бар. Кандидаттардың 58 пайызы шетелдік оқу ордаларында білім алған. 42 пайызы – қазақстандық ЖОО түлектері. 6 адам – ғылым докторы, 204 адам магистр дәрежесіне ие», деді А.Жайылғанова.
Агенттік төрағасының айтуынша, іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31-ді құраған. Сондай-ақ олар түрлі салада айтарлықтай тәжірибеге ие. Іріктеуден өткендердің көбі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істеген, әлі де жұмыс істейтіндері бар.
«Резерв іріктеуіне шетелде жүрген қазақстандықтар да белсене қатысты. Еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ шетелдерде жұмыс істейтін қазақстандықтардан өтініш келіп түсті. Өңірлер арасында үміткерлердің ең көбі Алматы (46), Қарағанды (41) және Шығыс Қазақстан облысына (30) тиесілі», деді агенттік басшысы.
Бұдан кейін сөз алған Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Е.Әбіл кадр резервіндегі кандидаттар Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және басқа да ұйымдарда біліктілігін арттыра алатынын жеткізді.
«Өзіңді үздіксіз дамытып отыру – жетістікке жету мен еңбекке қабілетті болудың кепілі. Қатысушыларда өздерінің даму деңгейін көру мүмкіндігі бар. Әр резервші кезең сайын қандай нәтиже көрсеткені туралы есеп алып отырды. Бұл – құрған жоспардың дамуының негізі», деді Ерлан Әбіл.
Оның айтуынша, мемлекеттік басқару саласына арналған «Ойлау дизайны», «Эмоционалды интеллект», «Стратегиялық менеджмент», «Жобалық менеджмент», «Бизнес-процестерді жүзеге асыру» және тағы да басқа тренингтер жобасы жасалған. Бұл бағдарламалардың тренерлері – отандық және шетелдік жетекші сарапшылар. Олардың кәсіби деңгейлері жоғары. Резервтегілер осы тренингтердің бірін таңдап, кәсіби біліктілігін арттырмақ.
Естеріңізге сала кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне тіркелу биылғы қыркүйек айында басталды. Жобаның стратегиялық мақсаты – тиімді менеджерлердің жаңа толқынын қалыптастыру және еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру. Іріктеу нәтижелері бойынша пулға жаңа формацияның басқарушылары болуға қабілетті талантты және креативті жас қазақстандықтар іріктелді.
Іріктеу ашық әрі әділ өтті
Ақерке БЕРЛІБАЙ,
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы:
– Жоба ұйымдастырушыларының бірі ретінде жобаның тұжырымдамасын дайындаған күннен бастап басы-қасында жүрмін. Шынымен де бұл – бірегей жоба. Іріктеу ашық әрі әділ өтті деп толық сеніммен айта аламын. Үмітіміз ақталды, себебі бұл жобаға шетелдік жастардың да қызығушылығы жоғары болды. Байқау жарияланғанда 13 мыңнан астам адам өтінім берді. 7312 адам толық тіркеліп, бірінші кезеңге өтті. Олардың мақсаты айқын, жобадан не күтетінін анық біледі. Ал барлық кезеңнен сүрінбей өткен 300 қатысушының болашағы жарқын дер едім. Себебі олар – талантты, ақылды, білікті мамандар. Мен олардың әрқайсысын жеке танимын, әртүрлі кезеңде олармен сөйлесіп, сұхбат алдым.
Іріктеуден өткен 300 адамның 96-сы – мемлекеттік қызметшілер. Көбі жеке сектордан қатысушылар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің ашық болғанын қалап, қалыптасып қалған стереотиптерді бұзғысы келсе, іріктелген 300 адам осы талаптарға толық сай келеді. Олар мемлекеттік қызметтегі стереотиптерді жойып, мемлекеттік қызмет саласын өзгертетін жаңа көшбасшылар болады деген үмітіміз бар.
Кадрлық резерв – ел жастарына көмек
Ерлан САИРОВ,
Еуразиялық интеграция институтының директоры:
– Бұл – ел жастарына қоғамдық және әлеуметтік көмек жасаудағы негізгі қадамдардың бірі. Халықтың жартысынан көбі жастар, бірақ мемлекеттік және басқа органдарда олардың үлес салмағы аз. Сондықтан Президенттің бұл қадамы жастар үшін кадрлық әділеттілік орнатуға бағытталған деп ойлаймын. Президенттің жастар резервіне іріктеу әділ өтті. Менің ойымша, ендігі кезекте оларды Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына ғана емес, аймақтарға да жіберіп, тәжірибеден өткізген дұрыс.
Өзімізді әртүрлі қырымыздан көрсете алдық
Дәулет КӘРІБЕК,
Nur Otan партиясы Jas Otan жастар қанатының төрағасы:
– Басты мақсат – Президенттік кадрлық резервіне өткен 300 адамның тағайындалуы емес, мемлекетшіл, отаншыл жастардың жұмыс өтіліне қарамай, мемлекеттік идеяны жүзеге асыруына, мемлекеттік қызмет істеріне араласуына мүмкіндік беру. Президенттік кадрлық резерв дер кезінде жасақталды. Себебі 2050 жылы Қазақстанда өмір сүретін де, оны үздік отыз елдің қатарына енгізуге тырысатын да – қазіргі жастар. Сондықтан жастарды мемлекеттік қызметке тартудың осындай механизмдері жастар тарапынан жылы қабылданды. Жастар да жобаға қатысушы ретінде ғана емес, бағындырар белес ретінде, білімі мен тәжірибесінің, біліктілігінің сынға түсетін кезеңі деп қарады. Бастапқы кезеңдері қиын болды, вербалды тест оңай болғанымен, математикалық тест күнде шешіп жүрмегендіктен, қиынға соқты. Келесі кезеңдерде дайындықты күшейтіп, өзімізді жан-жақты көрсетуге тырыстық. Кей сынақтар ойын түрінде өтті, ақпараттық жоба қорғадық. Әрбір тапсырған тестіміздің бейнекамераға жазылуы да іріктеудің ашықтығын, әділдігін көрсетті. Осылайша, үміткерлер әрбір кезеңде өзін түрлі қырынан көрсете алды.