Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамытуға бағытталған кеңесте шаһардың әлеуметтік-экономикалық табыстары ең әуелі қаладағы инфрақұрылымдық қызмет сапасын жақсартудан басталатынын айтып, бұл бағытта бірқатар тапсырма берген болатын. Осы ретте күн санап аумағы артып келе жатқан мегаполистің ауыз су мәселесі мен кәріз жүйесінде қандай мәселе бар?
Соңғы жылдары қаладағы өндірістік және технологиялық үдерістер заманға сай жаңарып келеді. Қолға алынған тың бастамалар кәсіпорындарға ғана емес, ең әуелі тұрғындар үшін тиімді. Бұл бағытта жүзеге асқан «Цифрлы су арнасы» жүйесі саладағы бірқатар қызмет көрсету жұмыстарын едәуір жеңілдетіп отыр. Мәселен, «Алматы Су» мекемесі қала әкімдігінің қолдауымен «Сумен жабдықтаудың жиынтық баланс жүйесі», «Сорғы стансаларының технологиялық процестерін автоматтандыру және диспетчерлеу», «Су есептейтін жалпыүйлік ақылды аспаптарды орнату» секілді үш бірдей жобаны қолданысқа енгізген. Жүргізілген зерттеу нәтижесі аталған жоба су шығыны мен апатты жағдайлардың санын азайтуға айтарлықтай септігін тигізгенін көрсеткен. Сондай-ақ бұл жұмыстар құбырлардың тозу деңгейін төмендететіні анықталды.
Жасыратыны жоқ, сала мамандары қаладағы құбырлардың 60 пайыздан астамын айырбастау қажеттігін айтып жүр. Тозығы жеткен құбырлар тұрғындардың өміріне қауіпті. Апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында кәсіпорын жылына шамамен 20 шақырым құбырды жөндеуден өткізеді.
Алматылықтарға ұсынылатын судың 30 пайызы тау өзендерінен, ал қалған 70 пайызы тереңдігі 150 метрден 500 метрге дейінгі ұңғымалардан алынады. Тау суы күрделі тазалау кезеңінен өтеді. Су тұндырылып, сүзудің бірнеше сатысынан өтіп, одан әрі натрий гипохлоритімен, яғни қарапайым тұзбен зарарсыздандырылады. Химиялық құрамы бойынша Алматы қаласының ауыз суында адам ағзасына өте қажетті табиғи микроэлементтер жетерлік. Тиісінше ағзаға кері әсер ететін ауыр металдар, фенолдар және мұнай өнімдері жоқ.
– Алматы қаласындағы судың сапасы кепілдендірілген. Бір сөзбен айтқанда, су бактериологиялық және химиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіз. Аттестациядан өткен өндірістік зертхана су сапасына тәулік бойы бақылау жүргізіп отырады. Алдымызға қойған басты мақсатымыз – халықты үздіксіз, сапалы ауыз сумен, кәріз жүйесі қызметімен қамтамасыз ету. Республика аумағындағы қалалардың ішінде ең төмен тарифтердің бірі – Алматы қаласында. Осы жылы техникалық шығынды оңтайландырып, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы тарифті 10 пайызға қысқарту мүмкін болды. Бірнеше тазарту сатысынан өткен 1000 литр сапалы ауыз судың бағасы 50 теңге тұрады, ал кәріз қызметі 25 теңгені құрайды. Соңғы жылдары қалалық бюджеттен 400 шақырымға жуық су құбыры салынды. «Қалқаман», «Достық», «Алты Алаш» секілді шағын аудандарда суық су мәселелері толығымен шешілуде. Сондай-ақ «Ұлжан», «Таугүл», «Шаңырақ» шағын аудандарында суық суға қосылу жұмыстары шешімін тапты. Биыл «Әйгерім», «Ақбұлақ», «Құрылысшы», сонымен қатар Алатау ауданындағы біршама шағын аудан тұрғындары да сапалы суық суға қол жеткізеді. Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандарында да инженерлік желілер жүргізілуде. Қала әкімінің жеке қолдауымен, осы жылы Наурызбай ауданының 4 шағын ауданында инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары басталды. Орталықтандырылған желілер дегеніміз – ең бастысы, қолайлылық пен сапа белгісі. Белсенді жұмыстардың нәтижесінде 70 мыңға жуық тұрғын сапалы суық суға қол жеткізеді, – дейді «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының баспасөз қызметі.
Шаһарда суды заңсыз қосып алатындар мен құдықшалардың қақпағын қолды ету фактілері тыйылмай тұр. Кәріз жүйесінің шойын қақпақтарын ұрлау мәселесі жалпы қала үшін үлкен проблема деуге болады. Себебі темір қақпақтардың ұрлануы жол апаты мен жазатайым оқиғаларды жиілетеді. Бұл жайтты нысанға алған мамандар техникалық мүмкіндігі бар аумақтарға композициялық материалдардан жасалған люк қақпақтарын орната бастаған. Қауіпсіздік мақсатында еліміз бойынша алғашқы болып тұрғын үй аулалары мен тротуарларға тор түріндегі қосымша қақпақтар да қойылуда.
Қазіргі таңда қала аумағын тұтастай дерлік ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтып отырған мекеме «Цифрлы су арнасы» бағытын іске қосқан. Осының негізінде нысандар мен желілердің электронды картасы құрылып, барлық қызметкер осы бірыңғай желіге қосылған. Олар нақты уақыт режімінде әр құбыр учаскесіне, әрбір нысанға сипаттама бере алады. Желінің қалай орналасқаны, онда қандай жөндеу жұмыстары жүргізілгені, қандай жөндеулер қажет екені тұтастай электронды картада көрсетілген. Яғни, онда құбырлар ғана емес, оның толық сипаттамалары да қоса берілген. Сонымен қатар ақпараттар да күн сайын жаңартылып, толықтырылып отырады.
АЛМАТЫ