• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Желтоқсан, 2019

Қоғамның алға басуының айғағы

358 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент лауазымына кіріскен алғашқы күннен бастап халықпен санасатын, қоғамның айтқанын ести білетін, оған құлақ асатын билік қана азаматтық қоғамды дамытып, мемлекеттілікті нығайтады, экономиканы өркендетіп, халықтың әл-ауқатын жақсарта алады деген болатын. Сондықтан да Мемлекет басшысы өз Жарлығымен мемлекет пен қоғамның сенімді диалог алаңына айналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып оған елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, қоғам белсенділерін қатыстырып, халықты көптен толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын қарастырып, небәрі 3-4 ай шамасында көптеген іс-шара атқарды.

Ұлттық кеңестің нәтижелі және тиімді жұмыс істеуіне Кеңес жұмысына Мемлекет басшысының өзі тікелей басшылық жасап, барынша қолдау көрсетіп отыруы, бұл жұмысқа Президент Әкімшілігінің де тікелей атсалысуы үлкен әсер етті.

 Осы қысқа мерзімде Қ.Тоқаев Кеңес мүшелерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін асықпай, зер салып тыңдап, пікірлесті. Ұлттық кеңесте айтылған Кеңес мүшелерінің ұсыныстары Ке­ңес мүшелері мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Президент Әкімшілігіндегі, Үкіметтегі басқосуларда терең зер­де­леніп, жүйеленіп, алды іске асырыла бастады. Атап айтсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, микро және шағын бизнесті табыс салығынан 3 жылға дейін босату және оларды тексеруді 3 жылға дейін тоқтату, көп балалы отбасылардың балаларына бала санына қарай қөмек беру, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсету, тұрғындарды, әсіресе жас­тарды баспанамен қамтамасыз ету­де­гі жеңілдіктер, т.б. көптеген әлеу­мет­тік қызмет іске асырылуда. Осының бәрін Мемлекет басшысы күнделікті жұмысында жүйелі қадам жасайтынын, өз ойларын, ұсыныстарын алдымен жан-жақты талдап, зерделеп, ақылдасып, барып айтатынын, айтқан ұсыныс-пікірлерін табандылықпен, тиянақты, сөзбұйдаға салмай соңына жеткізіп орындайтынын көрсетуде.

Республика Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы, ұлықтау рәсіміндегі, Қазақстан халқына Жолдауындағы айтқан сөздеріндегі негізгі бағыттар бір-бірімен ұштасып, кезек күттірмейтін, зәру мәселелер туралы шұғыл шешім қабылданып, ол қаржымен толықтай қамтамасыз етілуде. Көптеген бағыттарға алдағы жылғы бюджеттерде қаржы қарастырылды. Бұл халқымыздың әл-ауқатын көтеру үшін қабылданған шешімдер сөзсіз орындалады деген сөз. Әрине қоғамда қордаланып қалған түйткілді мәсе­ле­лер­ді бірнеше айда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен, Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-ші отырысында айтқан жер және оны тиімді пайдалану; бюджет қаражатын ашық бақылау; квазимемлекеттік сектордың басшылығына азаматтық қоғам өкіл­де­рін енгізу; ел экономикасында мем­ле­кет­тік кәсіпорындардың үлесін қыс­қар­ту; шетелдік жұмыс берушілер тарапынан біздің азаматтарды кемсітуге жол бермеу; шетелдік жұмыс күшін қысқарту; бюджет қаржысының, сыртқы қарыздардың, ұлттық банк бағам саясатының ашықтығын қамтамасыз ету; ірі транзакциялар барысында төлемді қолма-қол ақшасыз форматқа көшіру туралы және тағы басқа мәселелері де жан-жақты пысықталып, 2020 жылы іске асыру үшін орындау мерзімдері нақтыланып, Үкіметке тапсырылды.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қоғамды демо­кра­тия­лан­ды­руға ерекше назар аударды. Прези­денттің пікірінше, митинг өткізу мə­де­­ниетін қоғамдық санаға сіңіретін уа­қыт келді. Қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жетті. Сондықтан да егер олар заң аясынан шықпайтын жəне азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, рұқсат етілетін митингілерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізуді қолға алу керек. Бірақ еліміздің әрбір азаматы митингі өткізу тек өз құқы емес, үлкен жауапкершілік екенін де түсінгені жөн. Сондықтан заңсыз əрекеттерге тыйым салынатын болады.

Кеңесте партияларға қатысты заңға өзгеріс енгізу туралы айтылды. Партия құру үшін тіркеу шегі бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың адам болса жеткілікті. Партия қатарынан сайланатын азаматтар тізімінде əйелдер мен жастар санын 30 пайызға жеткізу көзделуде. Елімізде алғаш рет Мемлекет басшысының өзі парламенттік оппозиция болуы керек екені туралы айтты.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сін­де мұндай нақты ұсыныстар мен шешім­дер­дің қабылдануы – қоғамы­мыз­дың алға басуының айғағы және билікке деген қоғам сенімінің артуы. Мұны қысқа мерзім ішіндегі билік пен қоғам арасындағы үлкен жетістік деп айтуға толық болады.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері