• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Желтоқсан, 2019

Қостанайда Аntikor сервистік орталығы ашылды

166 рет
көрсетілді

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Аntikor сервистік орталығының ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақов және мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер қатысты.

Мемлекеттік органдар «Оpen spase» форматында ашық жұмыс істейді, облыс бойынша азаматтарға қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсетуде қолайлы жағдай туғызуға арналған «Адалдық алаңы» фронт офистері жұмыс істеп жатыр. Ашылып отырған Аntikor сервистік  орталығы да осы мақсатты жалғастыратын болады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жаңа сервистік орталықтың ашылуы қоғамындағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуде маңызды екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қоғамдық диалогты, ашықтықты және адамдардың өткір, жедел мәселелеріне дер кезінде көңіл бөлуді құқық қорғау және атқару органдарына тапсырған болатын. Сол тапсырма үдесінен шығу үшін біз бірлесіп осы сервистік орталықты ашып отырмыз. Мұнда  кәсіпкерлер мен жалпы тұрғындарға кеңес беру үшін білікті мамандар жұмыс істейтін болады. Жалпы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қарқынды жұмыстар жүргізіледі» деді Архимед Бегежанұлы.

Облыстың барлық өңірінде «Оpen spase» бағытымен 49 ашық кабинеттер жұмыс істеп тұр. «Адалдық алаңы» фронт офис жобасы шеңберінде фронт кеңселер бүгінге дейін Қостанай, Арқалық қалаларында, Меңдіғара ауданында ашылды. Алдағы күндері ол Рудный қаласында да жұмысын бастайды.

«Бүгінгі ашылып отырған Аntikor сервистік орталығы тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне арналған ғана емес, қоғамдағы қолайсыз көрініс, індет болып табылатын жемқорлық пен парақорлыққа төзе алмайтын жалпы жұртшылық, ұйымдар үшін жұмыс алаңы болса деп ойлаймын» деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақов. Бұл орталықтан кез келген адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы және өз құқын қорғау үшін заңдық кеңестер ала алады.