Баяғыдан келе жатқан тәмсіл бар. Конфуций – Құңфұдзы айтқан сөз. Бір жолы Цзы-гун есімді шәкірті Ұстаздан сұрапты: «Мемлекетті басқарудың негізі қандай?» деп. Құңфұдзы жауап қайтарыпты: «Мемлекеттің азық-түлігі жеткілікті болуы керек, қару-жарағы жеткілікті болуы керек, халық билікке сенуі керек» деп. Сонда Цзы-гун: «Қатты қиын жағдай туса, осы үшеуінің қайсысынан алдымен бас тартқан дұрыс?» деп сұрайды. «Қару-жарақтан бас тартуға болады» дейді Ұстаз. Енді Цзы-гун: «Қалған екеуінің біреуінен бас тартуға тура келсе, онда не істеу жөн?», дейді. Сонда Құңфұдзы айтады: «Азық-түліктен бас тартуға болады. Жер жаралғалы бері ешкім өлімнен қашып құтылған емес. Бірақ халықтың сенімінсіз мемлекет мемлекет болып тұра алмайды» деп.
Барша әлеуметтік институттар сенімге арқа сүйейді. Адамдар да сеніммен өмір сүргенді қалайды. Сенімді адам деу, сенімді ақтады деу, сенімге кірді деу қандай жақсы болса, сенімнен шығу, сенімсіз атану, сенімсіздік білдіру сондай жаман. Сенімнің басты шарты – адалдық. Адалдықтың басты шарты – адамдық. Қоғам мүшелерінің бойында адамдық көбірек болған сайын қоғамда да адалдық көбейе береді, адалдық көбейген жерде адамдар да бір-біріне көбірек сенеді. Бір нәрсеге, біреуге көзі жетіп иланушылық сезімі деп сипатталатын бұл ұғым адамдар арасындағы немесе адамдар мен қоғам арасындағы қатынастың да сапалық өлшемі. Сондықтан да елдегі қазіргі жаңарудың, жаңғырудың бір тетігі, бірегей тетігі ретінде Сенім алға шығарылып отыр. Адамның қоршаған ортаға және ақиқатқа көзқарасын, қарым-қатынасын анықтайтын түсінік ретінде сенімнің маңызы қай заманда да, қай қоғамда да бөлекше болған, ал зымырандай заулаған мынандай заманда, қымыраннан аумаған мынандай қоғамда оның мәні тіпті ерекше. Қоғамның қымыраннан аумайтыны қымыранның ашуы немесе ашымауы түйе иесінің өзіне ғана байланысты болып тұрмағанында. Жаһанданудың желі жұлқына соғатыны сондай, қаланы қойып, даланы да шарпып бара жатыр. Әлеуметтік желілердің әлемге жетуімен бірге әлеуметке әлімжеттігі де артып келеді. «Құлақ бұзылса, құлық бұзылады», деп еді кешегі өткен абыз Әбіш. Сол айтқаны да келіп тұр.
Соңғы жылдарда Қазақстан қоғамында жұртшылықтың көңіл толмаушылық ауанының бұрынғыдан көбірек білінуінің сан түрлі себебі бар. Басты себебі – талаптың өсуі. Бір кездегідей «заман тыныштығын берсін» деп, қанағатты қорек етіп отыратын уақыттың өткендігі, басқаша өмір сүретін уақыттың жеткендігі. Әйтпесе жағдай нашарлай түскен жоқ. Жағдай жақсарып келеді. Ел экономикасының жыл сайынғы үш жарым пайызбен өсуі – бұлтартпайтын факті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана, Тәуелсіздіктің 28 жылдығындағы құттықтау сөзінде: «Қазақстан инвестиция тарту жөнінен, экономикасының көлемі бойынша Орталық Азия елдерінің дара көшбасшысы» деп анық етіп айтты. Дәл солай. Бәрі де салыстыру арқылы танылады деген қарапайым қағиданы мойындамаудың жөні жоқ. Ал салыстыра сөйлесек, бір ғана Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көлемі Орталық Азиядағы басқа бауырлас төрт елдің ішкі жалпы өнімдерін қосқандағыдан көп екенін айтуға тура келеді. Біздегі халық саны – 18 миллион, олардағы халық саны 54-55 миллион болса да солай. Бірақ солайы солай екен деп, басқалар бізден әлдеқайда нашар тұрып жатыр ғой деп, қолда барға қанағат ететін, өзімізді өзіміз алдарқататын, жұбататын жөніміз тағы жоқ. Біздің межеміз басқа, біздің мақсатымыз басқа. Біздің мүмкіндігіміз де басқа. Бар мәселе біздің мүмкіндігімізді ескергенде жағдайдың бұдан гөрі жақсырақ бола алатындығында. Қоғамның алға қарай бұдан гөрі қарқынды дами алатындығында. Қазірше дәл солай бола қоймай тұрғандығында.
Саясаттағы сабақтастықты сақтауды ә дегеннен серт сөзіндей ұстанған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ еліндегі жақсылықтарды жалғастыруды мұрат еткенде қоғамда отыз жылға жуық уақытта орныққан озықты алға апаруды, осы кезеңде тотығып қалған тозықты заман көшінде қалдыруды алдымен ескеріп отыр. Озықтың жайы белгілі. Тозықтың жайы былай. Уақыт шіркін талай нәрсені, соның ішінде тіпті бір кездегі озықты да тоздырмай тұрмайды. Оның үстіне атқарушы биліктің дер кезінде айтылған құнды қағиданың өзін қасаң қалыпқа айналдырып, біржақтылыққа ұрынатыны, сөйтіп бара-бара терең ойдың тонын теріс кигізіп жіберетіні тағы бар.
«Алдымен – экономика, содан кейін – саясат», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ұстаным егемендіктің ең бір қиын жылдарында негізгі назарды экономикалық реформаларға аударуға, аз қаражаттың өзін алдымен шаруашылық міндеттерін шешуге жұмсауға бұлжымас бағыт-бағдар сілтеді, елді тәуелсіздіктің тәуекелге толы тар жол, тайғақ кешуінен аман-есен алып өтуге мүмкіндік берді, экономикасы қуатты мемлекетке, инвестиция үшін тартымды елге айналдырды, ең бастысы – қоғам өмірін артық саясиландырудан, демократияланғанның жөні осы екен деп далақтай беруден, дүниелік дүрмекке тым ерте еруден, іштей пісіп-жетілмеген үдерістерді қолдан тездетуден сақтап қалды, қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізді. Ал қоғамдық тұрақтылық экономикамен алаңсыз айналысуға жағдай жасады. Оған дау жоқ. Бірақ Елбасы алдымен экономикамен айналысайық, содан кейін саясатпен айналысайық деді ғой, тек экономикамен айналысайық, саясат ешқайда қашпайды, күте тұрады деген жоқ қой, саясатты екінші қатардағы нәрсе деген жоқ қой, тек жұмыстың жөнін, жолын, ретін айтты ғой. Өкінішке қарай, экономика мен саясат мемлекеттің аспандап көтерілуі үшін құстың қос қанатындай қажет екені, алысқа шабуы үшін арғымақтың қос тізгініндей керек екені барлық кезде бірдей көңілдегідей ескеріле бермегенін бүгінде көріп-сезініп келеміз. Өзгерген әлемдегі жаңа өмір экономика мен саясатты қатар жүргізуді талап ететін сыңайлы. Қазіргі Қазақстанның экономикалық қуаты солай етуге мүмкіндік жасай алатыны да анық. Соның өзінде де басымдық экономикаға беріледі, әрине. «Сананы тұрмыс билейді» дегенді Маркс айтып кеткен. Біз саясаттан жасалған экономиканың не күйге түсіретінін білеміз. Біз, сонымен бірге экономикадан жасалған саясаттың қандай биікке жеткізетінін де білеміз.
Қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің таяудағы екінші отырысы ел өміріндегі осы жаңа саяси институттың аз уақыттың аясында айтарлықтай жұмыс атқарғанын, қазірдің өзінде нақты нәтижелерге қол жеткізе бастағанын көрсетіп отыр. Консультациялық-кеңесші орган болғанымен, өздігінен ешқандай шешім қабылдамағанымен, Ұлттық кеңес қоғамдағы сан алуан пікірлер тоғысатын, елдегі әлеуметтік топтардың көзқарасы ортаға салынып, екшелетін орынға айналып келеді, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің сипатын қалыптастыруға септігін тигізуге ауысуда дей аламыз. Мемлекет басшысының кеңес отырысындағы сөзі оның сайлауалды бағдарламасындағы, ел халқына Жолдауындағы тұжырымдамалық ойларының біразы таяу уақыттың өзінде нақты жүзеге асуы мүмкін екендігінің даусыз дәлелі.
Кейбіреуін ғана атап-атап өтейікші.
Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болады. Пайдаланылмаған жерге салынатын салық мөлшерлемесі 20 есе өсіріледі. Жерді сот шешімімен күштеп алып қою үшін қажетті уақыт екі жылдан бір жылға шегеріледі. Жер учаскелеріне ғарыштан мониторинг жасалады.
Бюджеттің игерілуіне халықтық бақылау орнатылады.
Шетелдік жұмыс берушілер тарапынан өз азаматтарымызды кемсітудің жолы бірте-бірте болса да кесіледі. Олардың өздерімен алып келетін адамдарының квотасы қысқартылады, нақты айтқанда, 2019 жылғы 49 мыңнан 2020 жылы 29 мыңға азайтылады. Сонда босайтын 20 мың жұмыс орны кімге тиеді? Өзімізге тиеді. Оған қоса жұмысшы саны 250-ден асатын, 30-дан астам шетелдік жұмыскер тартатын кәсіпорындар тұрақты түрде тексерілетін болады.
Атаулы әлеуметтік көмек енді көп балалы аналарға отбасы табысының көлеміне қарап емес, баласының санына қарап беріледі.
Митингілерді ұйымдастыруда бұрынғыдай рұқсат сұрау қағидаты емес, ескерту қағидаты орнығады. Митинг өткізу жауапкершілігі бекітіледі.
Партияны тіркеу үшін жиналатын қол саны қазіргі 40 мыңнан 20 мыңға азайтылады.
Парламенттік оппозиция институты орнықтырылады. Билік ендігі жерде келіспеуді қоғамдық қауіпті құбылыс деп қарамайды.
Жала жапқаны үшін жаза Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылады.
Сонымен Қасым-Жомарт Тоқаев «Түрлі пікірлер – біртұтас ұлт» қағидатын орнықтырудың нақты қадамдарын жасай бастады. Сындарды диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастыруға кірісті. Біз бұл реформалар тек реформа үшін жасалмайтынына, басты мақсаты даму бағытымыздан ауытқымай, оған тың серпін беру болатынына сенеміз. Мемлекет басшысы демократия билік үшін де, азаматтар үшін де бөліну мен ыдырауға емес, даму мен жасампаздыққа қызмет етуге тиіс зор жауапкершілік деп атап айтып, қадап көрсетіп отыр.
Өтіп бара жатқан жылдағы оқиғалар халқымыздың саяси және құқықтық мәдениеті артқанын айқын айғақтап берді. Билік түбі бір ауыспай қоймайтынын білетін едік. Қалай болар екен, қалай жүзеге асар екен деп ойлайтын, алаңдайтын едік. Шүкір, бәрі жақсы өтті – елдігімізді көрсеттік. Елбасының таңдауы мен ел халқының таңдауы бір жерден шықты. Таңдауымыздың дұрыстығына күн өткен сайын көз жетуде. Мемлекет басшысының инаугурация рәсімі өте салысымен небәрі 12 күннен кейін Арыс жарылды. Ертеңіне қалаға суыт жеткен Тоқаев алғашқы сынаққа түсті. Абыроймен өтті. Қала тез арада толық қалпына келтірілді. Міне, жыл аяқталарда тағы бір сынақ алдан тосылды – Алматы түбінде ұшақ апатқа ұшырап, адамдар құрбан болды. Біз осы жолдарды жазып отырғанда – 28 желтоқсандағы Жалпыұлттық аза тұту күнінде радиодан азалы сарындар талып естіліп, теледидардан апатқа жан ауыртқан қазақстандықтардың күйзелісі көрсетіліп жатты. Осындай сәттерде қинала, қайғыра отырып, елдігімізге, бірлігімізге, тату тірлігімізге тәубе дейміз. Қазақстандықтар бұл салада да тәртіп орнайтынына, айдың-күннің аманындағы таңғы трагедияға кінәлілер әділ жазаланатынына сенеді. Өйткені олар ел басшылығының әділдікті, адалдықты ту етіп ұстауға бекінген саясатының салиқалылығына сенеді.
Елдік кепілі – елдің сенімі.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты