Бүгінде отандық көшбасшы компаниялар өнім сапасына ғана емес, құнарын сақтауға, табиғи ингредиенттерге мән береді. Бәсекелі нарықта отандық өнімдерге қайталанбас қазақы бояу беру де аз рөл атқармайды.
Ұлттық құндылықтарға ұмтылған, айналамыздағы 10 мемлекетке өнімдерін таратып отырған Қазақстандағы Eurasian Foods Corporation холдингі Алматыдағы зауыты. «Мерекелік Провансаль» атты бие сүті қосылған алғашқы қазақстандық майонездің таныстырылымы мен дәмтатарын өткізді.
Азық-түлік нарығында тұтынушылардың талғамы соңғы жылдары табиғи азық-түлікке қарай бет алды. Ал елімізде бие сүтінің қасиеттері ежелден бағалы. Бие сүтінде адам ағзасына қажетті 40-қа жуық биологиялық компонент бар. Бүгінде дәстүрлі, қазіргі заманғы форматта шығарылған өнімдер танымал екенін назарға ала отырып, Eurasian Foods Corporation технологтары бие сүті қосылған майонезбен тұтынушыларын елең еткізуге шешім қабылдаған екен.
Eurasian Foods Corporation инновациялық технологиялық зертханасының бастығы Руслан Шілдебаевтың айтуынша, қазақ ұлттық асүйінің дәстүрлерін әспеттейтін бірегей майонезді жасаудың «шығармашылық процесі» бір жылға созылған.
Бірегей өндірістік технология арқылы жаңа өнімде барлық пайдалы ингредиенттер сақталған. Майонез компанияның кәсіпорындарында дәстүрлі «ыстық» тәсілмен өндіріледі, оның негізінде пастерлеу процесі жатыр.
– Мұндай технология бәсекелестермен салыстырғанда өндірістің неғұрлым ұзақ әрі шығынды процесін қамтиды, бірақ мұны үнемдеу деп есептемейміз. Сапа дәстүрлерін ұстанатындықтан, майонездерді классикалық «ыстық тәсілмен» өндіретінімізді мақтан тұтамыз», дейді бас технолог Марина Пак.
Кәсіпорынның даму стратегиясына сәйкес, зауыт бүгінде майонез, кетчуп, тұздықтар, дәмдеуіштер мен күнбағыс майын шығаруға маманданған. Нарықтың қажетін қанағаттандырып, дайын өнімдерді ұлғайту үшін технологиялық және қосалқы жабдықтарды жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу тұрақты түрде жүзеге асырылады. Соңғы он жылда өндірісті дамытуға инвестиция көлемі 80,5 миллион доллардан асқан. 3 мыңға жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін холдинг құрамына саланың екі ірі кәсіпорны – Алматы мен Қарағанды зауыттары кіреді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша холдинг шығаратын өнім көлемі 140 мың тоннадан асты.
Алматы кәсіпорнындағы барлық өндірістік процестер автоматтандырылды. Өсімдік майын құю аустриялық өндіріс желісінде, майонез, кетчуп және тұздықтар дайындау – Швейцарияда жасалған жабдықтарда жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда нарықта заманауи орау, қаптама желілерін орнату арқылы өнімнің бірнеше форматы ұсынылған. Әрқайсысы абсолюттік микробиологиялық тазалыққа кепілдік береді және консерванттарды пайдаланбай сақтау мерзімін ұзартады. Кәсіпорында аттестацияланған физика-химиялық және микробиологиялық зертханалар жұмыс істейді, барлық келіп түсетін шикізатқа және шығарылатын дайын өнімге өтпелі тексеру жүргізеді. Осылайша, өнімнің қауіпсіздігі барлық өндірістік цикл бойы қамтамасыз етіледі.
Көп жылдар бойы кәсіпорын алыс және жақын шетел елдер нарықтарына – Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Ауғанстан, Грузия, Армения, Әзербайжан мен Моңғолияға өнімін жеткізіп жүр. 2018 жылы холдинг 19 мың тонна өнім экспорттаған немесе бұл жалпы өндіріс көлемінің 13%-ы. Соңғы бес жылда экспорт көлемі 56%-ға өсті. Astana Agro-2018 форумының қорытындысы бойынша Eurasian Foods Corporation холдингі Қазақстанда өнім экспортының көшбасшысы болып танылды.
– 2019 жылдың жазында холдинг құрамына Петропавл сүт зауыты – «Молочный союз» ЖШС кірді. Кәсіпорын 1929 жылы құрылды. «Сүт одағымен» шығарылатын өнім Солтүстік Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де танымал. Қазір кәсіпорынды ауқымды жаңғырту және ірімшік сұрыпталымын кеңейтуге назар аудара отырып, сүт өнімдерінің сұрыпталымын жаңарту жоспарлануда, – дейді Eurasian Foods Corporation АҚ басқарма төрағасының орынбасары Иван Колесников.
АЛМАТЫ