• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 30 Желтоқсан, 2019

Fokker 100: 283 ұшақтың 17-сі апатқа ұшыраған

644 рет
көрсетілді

Fokker 100 – орта қашықтықтағы жолаушылар ұшағы. Нидерландтық авиақұрылыс компаниясының ең көп серия­мен шығарған өнімі. Ұшақ атауы аталған компанияның негізін қалаушы Антон Фоккердің есімімен аталған. Ұшаққа 107 адамға дейін сыятын болғандықтан да аталған маркаға 100 атауы берілген. Бұл қысқа және орта қашықтықтағы рейстерді орындауға арналған әуе борты. Әуе кемесінің корпусы енсіз, тарлау болып келеді. Бірақ ұшқыр әрі үнемді модель 1980 жылдардың соңында Bombardier CRJ200 мен Embraer ERJ 145 әуе көліктерінің жетілдірілген түрі пайда болғанға дейін сұранысқа кеңінен ие болды. Fokker 100 қуатын арттырған құрылғы Rolls-Royce Tay Mk 620-15 екі бірдей турбо вентиляторлы қозғалтқышының орнатылуы болатын.

Алғашқы Fokker 100 1986 жылы 30 қарашада әуеге көтерілді. Ал сертификаттауы 1987 жылы қараша айында аяқталды. 1988 жылы ақпан айында ұшақтың тұңғыш рет пайдалануға берілген серия­сына ие болған Swissair әуе компаниясы жолау­шыларды тасымалдай бастады. Ұшақ нарықта өтімді болғанымен, компания менеджментінің тиімсіздігінен 1996 жылы біржола тақырға отырды. Fokker 100 ұшақтарын шығару 1997 жылы тоқтатылды. Зауыттан барлығы 283 әуе кемесі шығарылды. 2006 жылғы мәлімет бойынша әлемнің 47 әуе компаниясында 229 ұшақ жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді.

Ал кешегі Алматыдағы апатты қоса алғанда барлығы 17 Fokker 100 ұшағы апат­қа ұшыраған. Екі мәрте аталған ұшақты ұрлауға тырысу оқиғасы тіркелген, бірақ ешкім зар­дап шекпеген. Жалпы алғанда, осы оқиғалардан 183 адам қаза болған. Оның ішінде ең ірі апаттарды атап өтер бол­сақ, 1993 жылы 5 наурызда Скопьеде (Маке­дония) 97 жолаушының 83-і қаза болса, 1996 жылы 31 қазанда Сан-Паулуда 95 жолаушы түгел опат болды. Екі оқиғада да апат әуеге көтерілу кезінде болған.