• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 30 Желтоқсан, 2019

Телефон арқылы сөйлесті

250 рет
көрсетілді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті.

Тараптар Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да одан әрі тереңдетудің ахуалы мен перспективаларын талқылады.

Армения Премьер-Министрі Қазақстан Президентін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев та Никол Пашинянның мемлекеттік қызметіне жаңа жылда мол табыс, достас армян халқына бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар Қазақстан Президентінің биылғы 14-15 сәуірде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қарастырылды.

Өзбекстандағы Қазақстан жылының табысты өткеніне ерекше мән берілді. Оның аясында мәдениет, өнер және білім салалары бойынша ықпалдастықты жандандыру жөнінде көптеген шара ұйымдастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, оған мемлекеттік қызметте табыс, бауырлас өзбек халқына бақ-береке тіледі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың даму қарқынын оң бағалап, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар Беларусьтің 2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақ ұйымына төрағалық етуіне байланысты еуразиялық интеграция аясындағы өзара іс-қимылдарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.  

Президенттер бір-бірін Жаңа жылмен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкоға жауапты мемлекеттік қызметте табыс, достас беларусь халқына бақ-береке тіледі.