Петропавл қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жылды қорытындылаған форумы болып өтті.
Алдымыздағы жылы 25 жылдық мерейтойын атайтын осынау айрықша институттың халық арасындағы беделі зор. Ол төзімділік пен қоғамдық келісімнің бүкіл дүние жүзі мойындаған қазақстандық моделін жасады. Форумда облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев сөз алып, қатысушыларға облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп және ұйымның биылғы жұмысына қысқаша шолу жасап шықты. Бүгінгі таңда облыстық Ассамблея 26 этно-мәдени бірлестіктің жұмысын үйлестіріп, сонымен қатар ғылыми-сараптамалық топ, Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, «Мәміле» клубы, Журналистер клубы, волонтерлік қозғалыс, «Айбын» әскери-патриоттық клубы және т.б. құрамдас бөліктердің басын біріктіріп отыр. Биылғы жасалған үлкен шаралардың қатарында астана күніне арналған қазақ мәдениетінің күндерін, «Покровский перезвон» славян әндері мен татар-башқұрт әндерінің фестивальдарын және т.б. атауға болады. Ресейдің көршілес облыстарымен шекаралық мәдени байланыстарды өркендету мақсатында Түмен облысы қазақтарының құрылтайына, Қорған облысының ақпараттық-гуманитарлық акциясына және т.б. қатысқан. Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Мың бала» жобасы жыл сайын өткізіліп тұрады. 2019 жылы ол шешендік сөздерді танытуды көздеп «Асыл сөз мектебі» бағытымен жүргізілген. Жас балалар арасында тілді насихаттау үшін «Сен де бір кірпіш дүниеге...» атты шығармашылық байқау өткізілген. Жалпы айтқанда, бір жылда 18 278 адамды қамтыған мыңнан артық шара жасалған. Сонымен қатар Достық үйінде қазақ ұлтынан басқа этностар арасында «Туған жерім – Қазақстаным» атты шығармашылық байқау өткізілген.
Сонымен қатар Р.Әлішев өзінің сөзінде жастардың қызығушылығын тудыратын ұлттық костюмдердің «ЭтноFashion» байқауы, «Мисс Ассамблея» жарысы, стартап-жобалар байқаулары т.б. өткізілгенін атап өтті. «Өз еліңді тану» атты республикалық айрықша жобаның шеңберінде жастардың экспедициясы ұйымдастырылған. Еліміздің 10 аймағынан келген жастардың экспедициялары Солтүстік Қазақстанның киелі жерлерін тамашалаған. Соның ішінде Айыртау ауданындағы Ботай мекені, Ш.Уәлихановтың әжесі Айғанымның Сырымбеттегі үйі, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешендеріне саяхаттар жасалған.
Үстіміздегі жылы республикалық «Жаңғырған ауыл» жобасының шеңберінде іске асырылған жаңа жобаның бірі – «Ауыл әкімі болғым келеді» деп аталған. Оған өңірдің 70 жасы қатысып, ауылды жаңғырту бойынша өздерінің жобаларын байқауға ұсынған. 27 қарашада Достық үйінде оның қорытындысы шығарылып, марапаттау шаралары болған.
Осыдан әрі Руслан Әлішев Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Назарбаевтың атынан Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалог пен қайырымдылықты дамытуға және қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бiрлiк» алтын медалiмен» «Әзербайжан мәдениетінің Солтүстік Қазақстан облыстық орталығының» төрағасы Чингис Курбановты марапаттады.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының қабылданғанына отыз жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Ж.Тәжин, «Қызылжар» қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығының директоры Ж.Мұхамеджанов және «Рух.Тіл.Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ә.Тоқпанов марапатталды.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» төсбелгісін «Вайнах» шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы Сайип Байдуовтың, еврей этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Эльхан Евдаевтың төсіне қадады. Ал Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан лайықты үлесі үшін Құрмет грамотасымен «Барбанг» күрдтер қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Рашид Надиров наградталды. Ассамблеяның Алғыс хатымен «Кентрон» армян мәдениетінің облыстық орталығы төрағасының орынбасары Светлана Малхасян марапатталды.
Осыдан әрі Ассамблеяның белсенділеріне облыстық Ассамблеяның Алғыс хаттары мен сыйлықтары тапсырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлігінің қазақстандық моделіне арналған ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары да дипломдармен марапатталды. Бұл байқауда бірінші орынды Л.Жолмұқанова, екінші орынды М.Титаренко және үшінші орынды Қ.Бейсенова алғаны белгілі болды. Ал журналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауының жеңімпазы болып Наталья Аитова танылды.
Солтүстік Қазақстан облысы